18 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қанат Бозымбаев энергетика министрі қызметінен босатылып, президент көмекшісі болып тағайындалды. Бозымбаев энергетика министрлігін 2016 жылдың наурыз айынан бері басқарған. Оның алдында 2013 және 2016 жылдар аралығында Павлодар облысының әкімі болған.
Ал шілде айынан бері президент көмекшісі міндетін атқарған Мәулен Әшімбаев президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол шілде айына дейін шамамен бір жарым жыл бойы “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған.
Сәрсенбі күні Дархан Қалетаевтың президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінен босатылғаны да белгілі болды. Қалетаев бұл қызметке наурыз айында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін тағайындалған еді. Ол 2018 жылдың шілде айы мен 2019 жылдың ақпан айы аралығында қоғамдық даму министрі болған. Әзірге оның қай қызметке тағайындалғаны белгісіз.
Бұған қоса, Мәдина Әбілқасымова ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босап, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы болып тағайындалды. Ол наурыз айынан бері ұлттық банк төрағасының орынбасары болған. Оның алдында ұлттық экономика вице-министрі болды. 2018 жылдың ақпан айы мен 2019 жылдың ақпаны аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.