Тегеран егер АҚШ 2015 жылы бекітілген Иран атом бағдарламасын шектеу туралы халықаралық келісімшартты тәрк ететін болса, уран байытуды «қуатты» түрде жандандыратын болады деп сес көрсетті. Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Джавад Зариф өткен сенбіде Нью-Йоркта журналистерге берген сұхбат барысында Тегеран өзге де «радикалды шараларды» қарастырып жатқандығын мәлімдеді.
Бұдан өзге Иран СІМ басшысы өз мемлекетінің ядролық қаруды жандандыруға деген құлшынысы жоқтығын, бірақ, АҚШ атом туралы келісімшартты бұзатын болса, онда Иран уран байыту көздерін жандандыратынын алға тартты, деп жазады dw.com.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР басшысы Ким Чен Ынның алдағы кездесуіне қатысты пікір білдірген Д. Зариф басқа мемлекеттерді АҚШ-пен келісімшартқа отыруда абай болуға шақырды.
«Ең нашар мәміле» – Трамп Иранмен келісімшарт туралы
Бұған дейін АҚШ президенті Д. Трамп Иранмен атом бомбасына қатысты жасалған келісімшартты 12 мамыр күні аталған құжат қатаңдатылып, иран зымыран бағдарламасына жаңа шектеулер енгізілмейтін болса, тәрк етемін деп сес көрсетті. Тегеран өз кезегінде бекітіліп қойған келесімшартқа жаңа түзетулер енгізуді қабыл алмады.
Келісімшарт барысында Иран уран байытуды бірден шектейтіндерін және өзінің атом бағдарламасына әлдеқайда қатаң халықаралық шектеулер енгізуге келісетіндерін айтқан еді. Иранның бұл әрекетіне жауап ретінде оған енгізілген санкциялар алынып тасталды.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли сәуірде КХДР басшысы Ким Чен Ынның иран атом мәмілесінің жай-күйімен толық танысқандығын хабарлады. Трамп Иранмен атом бағдарламасы туралы келісімшартты «барлық уақыттағы ең нашар мәміле» деп атады.