Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің ресми сайтында хабарланады.
“2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде”, – деп хабарланады.
ҚР Конституциясы 42-ші бабы 3-ші тармағына сәйкес: “Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады”.