Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясының Үкімет басшысымен екіжақты кездесу өткізді. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында қос тарап екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Б. Сағынтаев Ресейде жаңа экономикалық даму циклі басталғанын айта отырып, алдағы 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық даму мақсаттарына жетуде табыс тіледі.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Үкімет басшысы «Осы сынды ресми сапарлардың форматы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Біздің кездесуіміздің нәтижелері Қазақстан-Ресей өзара ынтымақтастығына қосымша қарқын қосып, алға жылжуды қажет ететін мәселелерді шешуге және орташа мерзімді келешекке перспективалы жоспарларды айқындауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», деп мәлімдеді.
Дмитрий Медведев Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты байланыстың айрықша маңыздылығын айта отырып «Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Астанаға үнемі қуана келетінімді жеткізгім келеді.
Қазір ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім. Біздің қарым-қатынасымыз туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейде, біз стратегиялық әріптеспіз. Сондай-ақ, мемлекеттеріміздің алдында үлкен міндеттер тұр.
Сондай-ақ, сіздерде де Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жаңа идеялармен, соның ішінде жуырда Парламентте Қазақстан халқына жариялаған Жолдауымен байланысты шешімдер бар. Сонымен қатар, өз елдерімізде іске асырылып жатқан бірқатар ірі ұлттық жобалар да бар. Біздің үнемі байланыста болуымыз өте маңызды», деп сөзін қорытындылады.