25 қараша күні Нұр-Сұлтанда “Нұр Отан” партиясының съезі өтіп, партия мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынатын кандидаттар тізімін бекітті. Олардың арасында бірінші президенттің қызы Дариға Назарбаева да бар.
Назарбаева “партиялық квота” (партия басшысы анықтайтын кандидаттар) бойынша ұсынылған 49 кандидаттың арасында тұр. Қалған 77 кандидат “партияішілік праймериз қорытындысы” бойынша анықталған.
Жиынға сенаттан кеткелі бері көрінбей кеткен Дариға Назарбаеваның өзі де қатысып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин отырған ортадағы дөңгелек үстелде отырды.
“Нұр Отан” мәжіліс депутаттығына ұсынып отырған 126 кандидаттың арасында Назарбаевадан бөлек, “Ana tili” газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанов, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, BTS Education компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек, саясаттанушы Айдос Сарым, қазіргі мәжіліс депутаты Артур Платонов т.б адамдар бар.
57 жастағы Дариға Назарбаева осы жылдың мамыр айында сенат төрағалығынан кеткеннен кейін көрінбей кеткен еді. Жергілікті ақпарат құралдары содан бері оның бірді-екілі шарада ғана көрінгенін жазған.
Дариға Назарбаева 2019 жылы наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін доғарған соң мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым – сенат спикері қызметіне отырған болатын. (RFL/RL)