Президент Тоқаев ҚХР төрағасымен келіссөз жүргізді

0
178

5 ақпанда Бейжің қаласында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан президентінің ресми сайты хабарлады.

“Қазақстан президенті бүгінгі келіссөздің қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік беретінін атап өтті”- делінген хабарламада.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа әзір екенін атап өтіп, Си Цзиньпинді биылғы қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Кездесу соңында Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын қабыл алып, алдағы күзде Қазақстанға мемлекеттік сапармен келу жөніндегі жоспарымен бөліскен.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 ақпанда Қытай басшысы Си Цзиньпиннің шақыруымен Пекинге барды. Ол 4 ақпанда қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз