2 сәуір күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндалды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қажетті инженерлік-көліктік инфрақұрылымды іске қосуды көздейтін және 2019-2023 жылдарға арналған елорданың шағын құрылысы жөніндегі кешенді жоспармен танысты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңілдігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін қабылданатын шаралар туралы, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі есепті тыңдады.
Соңында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту, соның ішінде қала көшелерін, саябақтар мен гүлзарларды лайықты абаттандыру, тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша қала мәдениетін қалыптастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.