23 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанды “толық мағынасында орыс тілінде сөйлейтін ел” деп атады.
– Бізде (Ресей мен Қазақстан арасында) өте терең гуманитарлық байланыс бар. Орыс тілін сақтауға және дамытуға мұқият қарап отырғаны үшін Қазақстан басшылығына ерекше алғыс айтамын. Қазақстанда қанша адам орыс тілін үйреніп жатқанын өздеріңіз де білсіздер. Ол – толық мағынасында орыс тілінде сөйлейтін ел. Орыс тілінде оқытатын мектептердің, [ресейлік] жоғары оқу орындары филиалдарының саны артып келеді, оларға конкурс та көп, – деді Ресей президенті.
Бұған қоса Путин екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың “құрылымын өзгерту” қажеттігі жайлы да айтты.
– Жоғары технологиялық даму салаларына көбірек назар салып, тиімдірек әрекет ету керек. Бұл – ең алдымен цифрландыру, сонымен қоса генетика, медицина, ғарыш салалары. Қазақстанмен Байқоңырдағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Путин.
Путиннің осымен 17-рет өткізілген баспасөз мәслихаты төрт сағатқа созылды, онда журналистер түрлі тақырыпта 55 сұрақ қойды. Олардың бірнешеуі ғана өткір сауал болды. Қолына түрлі жазу ұстаған журналистерді Ресей президентінің баспасөз шатшысы Дмитрий Песков өзі таңдап отырды.