Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Сирияға шабуыл жасағаннан кейін АҚШ-ты халықаралық құқыты бұзды деп айыптады.
Ресей президентінің сайтында Владимир Путиннің Сириядағы шабуылға қатысты жасаған мәлімдемесі жарияланды:
«АҚШ одақтастарының көмегімен 14 cәуірде Сирия Араб Республикасының әскери күштері және азаматтық инфрақұрылымы нысандарына зымыран шабуылдарын жасады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясынсыз, БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқытың нормалары мен қағидаттарын бұза отырып, лаңкестікпен күрестің алғы шебінде тұрған егемен мемлекетке қарсы басқындық жасалды».
«АҚШ бұл әрекетімен Сириядағы жағдайды шиеленістіруде»
Путиннің мәлімдемесіне сәйкес, Ресей Сирияға жасалған шабуылды қатаң түрде айыптайды, Сирияда ресей әскерилері заңды билікке лаңкестікпен күресте қолғабыс етуде. Өз әрекеттерімен АҚШ Сириядағы гуманитарлық апатты одан сайын шиеленістіре түсуде, бейбіт халыққа зардап шектіруде, жеті жыл бойы халықты мезі еткен лаңкестерді қудалап, аталған аймақтан босқындар санын арттыруда, дейді РФ президенті өз мәлімдемесінде.