29 тамыз елордада «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбында бес күн бойы ғалам ғалымдарының басын қосқан Пагуош конференциясының жабылу салтанаты өтті. Қазақстан міндеттемелерді толық орындады, егемен ел атанғалы ғаламдық қауіпсіздікке айрықша үлесін қосып келе жатыр. Конференция барысында әлемдік сарапшылар пікірі осыған саяды.
-“Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруға қосқан үлесі Нобель сыйлығымен марапатталуға әбден лайық”
Тамыздың 25-інде бастау алған шараға әлемнің 46 елінен 200-ден аса ғалым, саясаткер және сарапшылар қатысты. Осы орайда аталмыш конеренцияға көршілес Ресей Федерациясының делегациясы да белсене ат салысты. Ресей ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы мемлекеттік Думасының депутаты, Ресей Пагуош комитетінің мүшесі С.И. Колесниковтың мәлімдеуінше, Пагуош конференциясының 62-ші отырысы Қазақстанда өтуі кездейсоқтық емес. Өйткені Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға жай ғана үлес қосып отырған жоқ, антиядролық қозғалысқа көшбасшылық етіп келеді. Әсіресе Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем құруға сүбелі үлес қосып келеді. Оның бұл атаулы еңбегі Нобель сыйлығымен марапатталуға әбден лайық.
-“EXPO 2017 көрмесінің тақырыбы да әлемдік маңызға ие мәселені көтеріп отыр”
Сонымен қатар, С. И. Колесников елімізде өтіп жатқан халықаралық EXPO-2017 көрмесі туралы да пікірін білдірді. Көрмені бірнеше рет тамашалаған ғалым керемет әсерде болғанын жасырмады. Елордадағы балет театры да Астананың екінші орталығы болуға лайық көз тартарлық ғимарат екенін мәлімдей келе, көрме тақырыбының («Болашақ энергиясы») да әлемдік маңызға ие мәселені көтеріп отырғанын атап өтті.
Осы жылдың ақпан айында Швейцариядағы Базель бейбітшілік кеңсесі ғылыми-зерттеу институтының директоры Алин Варе Нобель сыйлығына үміткерлері ретінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен «АТОМ» жобасының құрметті елшісі, Қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтің кандидатурасын ұсынған болатын. Алин Вареның көтерген бастамасында Кәріпбек Күйіков пен ҚР Президенті Назарбаевтың ядролық қаруды жоюдағы ерен күш-жігері үшін Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылғаны ерекше аталған еді.