Сенат республикалық референдум туралы заң жобасына түзетулер енгізуді ұсынып, мәжіліске қайтарды.
Заң жобасының бұрынғы нұсқасы бойынша тұңғыш президенттің мәртебесіне қатысты мәселелер республикалық референдумның нысанасы бола алмайды.
Жоғарғы палата депутаттары бұл норманы заң жобасынан алып тастауды ұсынды. Түзету қолданыстағы заңның 3-бабының 2-тармағы туралы болып отыр.
Сенаттың редакциясында бұл норма «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» мәселелері ғана референдумның нысанасы бола алмайтынын көздейді.
Енді бұл заң жобасын мәжіліс депутаттары қайта қарайды. Егер олар келіссе, құжат алдағы уақытта мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.
Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасын қарауға алған болатын.
4 мамырда мәжіліс “Республикалық референдум туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдаған еді. Жобаның мақсаты бюллетеньдерді бірізділікке түсіру деп айтылған.
Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған еді.
Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке “тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы” мәртебесін беру туралы ұсыныс та болған. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.