Талибтер бейбіт келіссөздер жасауға құлықты. Бұл туралы Пентагон басшысы Джеймс Мэттис мәлімдеді. Сейсенбіде Мэттис бұған дейін ескертпестен, Қабылға келді. Ақпанның соңында ауған билігі жауынгерлерді келіссөздер үстеліне шақырған еді.
Мэттис өз сөзінде ауған билігімен келіссөздер үстеліне барлық «талибандықтар» отырмауы мүмкін, бірақ келіссөздерге аталған топтың құлқы бар деп мәлімдеді. Euronews таратқан ақпарға сәйкес, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани бұған дейін жауынгерлер келіссөзге келетін болса, қозғалысты саяси күш деп мойындайтынын мәлімдеген еді. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін мұндай мүмкіндік қозғалыс тарапынан айқын түрде қабылданбады : талибандықтар үкіметті «қуыршақ» деп атап, тікелей Вашингтонмен диалогқа түсуді талап етті.
Еске салсақ, 9 наурызда талибтердің Тахар провинциясында жасаған шабуылы салдарынан 6 әскери жер құшты. Ал Қабылда лаңкес-жанкешті шииттер салтанатында өзін-өзі жарып жіберіп, салдарынан кем дегенде жеті адам көз жұмды.