Қазақстанның Ресей мен Беларусь одағына қосылу жоспары жоқ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік “Комсомольская правда” газетіне берген сұхбатында осылай деп айтты.
“Қазақстан Ресей және Беларусьпен екіжақты форматта, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында белсенді ынтымақтастық жүргізіп жатыр. Бізде Ресей мен Беларусьтің одақтас мемлекетіне қосылу жоспары жоқ. Басым бағыт-аталған ұйымдар шеңберінде интеграцияны одан әрі дамыту”, – деді Тоқаев.
Президент сонымен бірге Қазақстанда орысша елді мекен аттарын қазақшалау және “славян ұлты өкілдерінің мемлекеттік органға орналасу кезінде қиындықтарға ұшырайтыны” туралы сұрақтарға жауап берген. “Елді мекен аттары жаппай өзгертіліп жатқан жоқ” деген президент бірқатар елді мекендердің көне аттары қайтарылды, “совет дәуірін еске салатын үндеспейтін топонимдер, жергілікті тұрғындар арасында танымал емес” атаулар алынып жатыр деп айтқан.
“Билік орысша атаулардан толық арылу мақсатын қойып отырған жоқ. Жақында Қарағандыда Григорий Потанин, Александр Затаевич көшелері пайда болды. Мемлекеттік қызметке барғысы келетін адамдарға дискриминация жасалады деген тұжырыммен де келіспеймін. Славян және өзге этнос өкілдері барлық үкіметтік мекемелерде, парламентте, мәслихаттарда бар. Орыстар шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Конституция бойынша, орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекеттік органдарда қолданылады” деді Тоқаев.
Ашық дереккөзіндегі ақпарат бойынша, Қазақстанда орыс ұлты өкілдері елдегі халықтың 18,8 (3 миллион 800 мыңға тарта адам) пайызын құрайды. Этникалық орыстардың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында – 49, Қостанай облысында шамамен 40 пайызды құрайды.
американын күйін кешпей үкімет халықты тонау және анқау санауын тоқтатпайындеп тұрған сиақты әьіде кеш емес тоқаев