Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ораз Жандосов пен Бағдат Мусинді қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен елдің экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқылаған. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың және Қазақстанды цифрландыру жұмыстарының жүзеге асырылуы туралы пікір алмасқан.
Тоқаевпен кездескен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде президентпен IT экспорт жайлы сөйлескенін жазған. Тоқаевтың Белорусияның IT секторын мысалға келтіргенін де атап өтіпті.
“Кеше президентпен кездесіп, Қазақстанды цифрландыру жұмыстары бойынша біраз мәселені талқыладық. Ел азаматтарының бизнеспен өзара іс-қимылын жеңілдететін жаңа тәсілдер туралы сөйлестік. Сонымен қатар, IT білім беруге қатысты да бірқатар сұрақтарға шолу жасадық”, – деді ол.