24 сәуір күні Ақордада ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Қазақстан Президенті бұл кездесудің екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 5 жылдығы қарсаңында өткізілуінің мәніне тоқталды.
– Мажарстан Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен Стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш ел. Бұл – өзара терең түсіністіктің, сондай-ақ, екі тараптың да Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысының дәлелі. Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, сондай-ақ, Еуропалық Одақ аясындағы негізгі әріптесіміз деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдерімізді саяси және экономикалық мүдделерімізбен қатар, ортақ тарихи тамыр біріктіретінін еске салды.
– Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағын біріктіріп отырған «Мажар қыпшақтарының одағына» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрметті көшбасшы болып тағайындалды. Бұл – Елбасының екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесінің мойындалуын көрсетеді, – деді ол.
Қазақстан Президенті журналистерге келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдардың негізгі басымдықтары белгіленгенін мәлімдеді. Стратегиялық кеңес пен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысына ерекше назар аударылды.
– 29-30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Стратегиялық кеңестің 3-отырысының жұмысына қатысу үшін Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варга бастаған бизнес өкілдерінің сапары жоспарланған. Бұл кездесу сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестігімізді одан әрі кеңейтуге септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Виктор Орбан келіссөздердің өзара түсіністік пен ынтымақтастық аясында өткенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәстүрлі қонақжайлылығы мен жылы қабылдағаны үшін ризашылық білдірді.
– Қазақстан табысты дамып, ілгерілеп келеді. Технологиялық өзгерістерді бақылай отырып, келешекте бұдан да ауқымды өсімге куә болатынымызға сенімді екенімді айта аламын. Географиялық тұрғыдан алыс орналасқанымызға қарамастан, соңғы жылдары көп шаруа атқарылды. “Астана” халықаралық қаржы орталығының жұмысына бірінші болып атсалыстық. Өзінің алғашқы жемісін беріп жатқан қазақ-мажар бірлескен кәсіпорны және инвестициялық қор құрылды. Ауыл шаруашылығы саласында да ірі компания жұмыс істеуде. Сүт зауытын салу жөніндегі екінші жоба да іске қосылғалы жатыр, – деді Мажарстанның Премьер-Министрі.