25 мамырда Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаев елде «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы», «сайлау және саяси партиялар», 2 маусымда «парламенттік оппозиция» туралы бірқатар заңға қол қойды. Президент әкімшілігі мұны «парадигмаларды түбірімен өзгертетін құжат» деп бағаласа, азаматтық қоғам белсенділері елдегі саяси жағдайды мүлде шиеленістіріп жібергенін айтады. Kazaknews.kz ақпарат агенттігі осы заңдар турасында саяси сарапшылармен әңгімелесті.
«БЮРОКРАТИЯЛЫҚ ҚИЫНШЫЛЫҚТАР КӨП»
Саясаттанушы Дос Көшім президент Тоқаев қол қойған заңдардың ешқайсысына қанағаттанбағанын айтады. Оның сөзінше, билік аталмыш заңдарды керісінше қиындатып жіберген.
«Бірден айтайын, президенттің қолы қойылып, мақұлданған екі заңға да қанағаттанған жоқпын. Митинг туралы заңда бір жағынан хабар беріледі, екінші жағынан өтініш. Екеуіне де атқарушы билік рұқсат береді. Демек ол бәрібір «рұқсат берілу митингісі» болады. Ал, біздегі саяси топтардың сұрағаны «хабарлама беру» жеткілікті еді. Рұқсат бола ма, болмай ма қарамайды. Қысқасы өзімнің бақылауым бойынша, заң баяғы күйінде қалған сияқты. Қайта бюрократиялық қиыншылықтары көп. Мысалы хабарлама немесе өтініш берген уақытта кем дегенде 12-13 шарты бар. «Ақша қайдан келді?», «қанша адам шығарасың?» деген сияқты 12 пункт бар. Бұрын ондай жоқ болатын. Шынымды айтсам таң қалдым»,– деді ол.
Саяси сарапшы қалған екі заң жобасынан да ешқандай өзгеріс көрмегенін айтты. Оның сөзінше, «саяси партиялар мен сайлау туралы» заң жобалары қоғам талқысына түспеген.
«Бұл заңдарға байланысты дөңгелек үстел өткізіліп, пікір айтылып, ток шоу өтпеді. Бір ғана өзгеріс – саяси партияға мүше жақтастар саны 40 мыңнан 20 мыңға қысқарғаны. Мұнда да сайлаушы немесе халық санына қатысты пропорциялық байланыс жоқ. «Ұнамаса тағы түсіреміз» деп базарда саудаласқан секілді. Көрші Қырғызстанда партия тіркеу үшін 10 адам жеткілікті. Ресейде 500 адам. Көптеген елдерде 1000 адам. 1991-93 жылдардағы заң бойынша Қазақстанда 3000 адам еді. Менің ойымша сол 3000 адам Қазақстанға жетеді», – деді Дос Көшім.
Сарапшының айтуынша, «саяси партиялар» заңына қатысты сұрақтар шешімін таппаған. Керісінше көбейе түскен. Ол «парламенттегі әйелдер саны 30 пайыздан кем болмауы керек» деген заңдағы өзгерістің де түсініксіз екендігін айтады.
«Егер ер мен әйелді теңестіруді қаласа 50 пайыз болсын. Неге 60 пайыз әйелдер емес. Маған салсаңыз 100 пайыз әйелдер болсын. Егер әйелдер саяси партия құрып, саясатқа араласып сол жаққа барса 99 пайыз болсын маған бәрібір. Мен квота деген нәрседен қорқамын, ол ешқашан әлеуметтік әділдік пен демократияның белгісі бола алмайды. Квотаның керегі жоқ», – деді саясаттанушы.
Дос Көшім «парламенттік оппозиция» туралы заң түбегейлі өзгермей билікке ешқандай балама пікір айтатын партияның бармайтынын айтты. Оның ойынша, заң өзгермесе де парламентте «жасанды партиялар» баруы мүмкін.
«Қазіргі парламентте отырған осы уақытқа дейін «оппозициямыз» деп жүргендер күні ертең «оппозициялық парламенттің» рөлін ойнауы кәдік. Мейлі ол «Ақ жол», мейлі «Коммунистік халықтық партия» болуы мүмкін. Тіпті, «Нұр Отанның» ішінен жарып, қолдан бір фракция шығып, сол «парламенттік оппозицияның» рөлін сомдайды», – деді саяси сарапшы.
«ДЕМОКРАТИЯҒА ДЕГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ»
Президент Тоқаев билікке келген соң құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалы бұл бастаманы оң бағалайды. Оның ойынша, президент сайлауда берген уәделерін іс жүзінде орындап жатыр.
«Қасым–Жомарт Кемелұлы инаугурациялық мәлімдемесінде айтқан уәделерінің бірқатары іске асып отырғанын көріп отырмыз. Яғни сөз бен істің арасында сабақтастықтың бар екенін байқадық. Меніңше, бұл оң бағыттағы құптарлық қадам. ҰҚСК–де күзден бері осы мәселелер көтерілді. Соның ішінде біразы заң ретінде бекітілді. Нақты айтсақ, «митинг және бейбіт шеру жайында» және «парламенттік оппозиция туралы» заңдар. Бұлардың барлығын оң бағалауға болады. Алайда, мұны тек бірінші қадам деп санау керек. Себебі бірінші қадамнан кейін екінші, үшінші қадам болуы шарт. Қазіргі реформалардың жалғасын табуы, демократиялық қоғамға келуі үшін бастаманың өзі дұрыс», – деді ол.
Саяси сарапшы «парламенттік оппозиция» туралы заңда «оппозиция» деген ұғымға дұрыс түсінік беріліп отырғанын айтады. Оның сөзінше, өкінішке орай, соңғы 20-25 жылда қалыптасқан жүйеде осы оппозицияға келеңсіз мән беру, «оппозиция деген жаман дүние», «одан аулақ тұру керек», «заңсыздық», «бүлікшілік» деген түсінік салтанат құрып келген. Расул Жұмалының пікірінше, бұл үлкен қателік. Оның ойынша, демократияның бірден-бір алғышарты – оппозиция.
«Оппозиция – тек қана сын айта беру емес. Балама пікір ұсыну, биліктің қатесін дер кезінде айтып, дұрыстап отыру мүмкіндігі. Мемлекетшіл саясатты жүргізудің алғышарты. «Парламенттік оппозиция» заңының қабылдануы сол оппозицияға деген дұрыс түсініктің пайда болғаны. Әлі ондай инерция толықтай еңсерілген жоқ. Бірақ, бастамасы дұрыс деп отырғаным осы. Қазақстанда түрлі дағдарыс, қазіргі саясатқа көңіл толмаушылық, наразылық бар. Бірақ бұл наразылық басқа да мемлекеттерде болады ғой. Демократиялық мемлекеттерде мәселені шешудің өркениетті, заңды тетіктері қарастырылған. Ондай тетіктер жұмыс істемейтін болса, ертеңгі күн тұрақсыздыққа, бүлікке, эволюцияға алып келеді. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Сондықтан азаматтарда заң арқылы балама пікірін, келіспеушілігін білдіретін осындай мүмкіндік болуы керек. Оның бірден–бір жолы – әділ сайлау. Азаматтардың саяси партияларға немесе қозғалыстарға бірігіп, өз мүдделерін заңды түрде іске асыруы. Әділ сайлаудың нәтижесінде парламентке келуі, сол арқылы ықпалын жасауы. Бұл тұрғыдан жаңағы заң, бірінші қадам дұрыс, бірақ әлі де жеткіліксіз», – деді ол.
Расул Жұмалының ойынша, жаңа саяси партиялар құрылып, сайлау әділ, ашық, айқын өтуі қамтамасыз етілетін болса, парламентке елдің сөзін сөйлейтін, танымал азаматтардың келуіне мүмкіндік туады.
ҰҚСК-нің тағы бір мүшесі Ерлан Саировтың сөзінше, бұл заңдар Қазақстандағы саяси жүйенің эволюциялық түрде дамуының алғышарты.
«Митинг туралы заңда ең негізгі мәселе «презумпция», яғни жергілікті мемлекеттік органдар азаматтардың митинг жасау қақысына немесе митинг жасауға кедергі жасауға құқы жоқ. Осы ең негізгі мәселе. Құлақтандыруға көшіп жатыр. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деді ол.
Ерлан Саировтың ойынша, негізгі мәселе – парламенттік азшылық құқығының қорғалуы.
«Парламенттегі партиялар комитет төрағасы болуға немесе бюджет қаралған кезде соның белгілі бір бағыттарын діттеген әртүрлі әлеуметтік экономикалық мәселелерін шешуге жұмсауға құқылы. Азшылық партиялар да мемлекеттік бюджетті қалыптастыруға араласуы керек», – деді Саиров.
ПАРЛАМЕНТТЕГІ ПАРТИЯЛАРДЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРУІНЕ НЕ КЕДЕРГІ?
Саяси сарапшы Дос Көшімнің ойынша, ең басты кедергі – партиялар мен депутаттар. Өйткені, олар шын саяси ойын ойнап осы саясатқа барамыз демеген.
«Жоғары жақтың ықпалымен қолдан жасалған партиялар өздері алдына ондай мақсат қоймаған. Екіншіден, біздің парламенттің үстінен президент аппараты қарап тұрады. Менің ойымша, біздің парламент депутаттары осы уақытқа дейін екі–ақ рет заң дайындады. Шындығында, кез келген депутаттың заң дайындап шығуға құқы бар. Сондықтан біздің парламент өзінің негізгі қызметін жасап отырған жоқ. Бізде үкімет заңды дайындап береді. Бұлар тек қана қабылдайды. Қысқасы, демократиялық жүйе болмағаннан кейін, оның жеке институты көппартиялы жүйе болмайды. Өйткені, демократияның басқа институттары бізде жоқ. Сөз бостандығы, жергілікті өзін–өзі басқару, әділетті сайлау институттары болмағаннан кейін өзінен–өзі көппартиялы жүйе орнамайды. Жаңағы институттар соны орнатудың алғышарттары», – деді Дос Көшім.
Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, қазір саяси алаңдағы партияларды толыққанды оппозициялық пікір білдіреді деп айтуға келмейді.
«Өздерін «оппозиция» деп атағанымен «Нұр Отанның» көлеңкесінен шыға алмайтын, ашық сыни пікірге бара алмайтын, батылы жете бермейтін партиялар. Бұл менің жеке ойым ғана емес, бұған көз жеткізу үшін парламенттегі талқылауларға, дауыс беруге назар аударыңыз. Балама пікір айтылмайды, бәрі келісе салады. Асығыс–үсігіс заң қабылданғанда 100 пайыз дауыс береді. Ол жерде «оппозиция отыр» деп айта алмаймыз. Қоғамда балама пікір, белсенділер жоқ емес. Енді сол азаматтарға мүмкіндік беру керек. Жастар бола ма, патриоттық орталар бола ма, либералды партия бола ма, ең бастысы оларға мүмкіндік беріп, мәселені айғай–шусыз шешу керек. Маңыздысы – саяси партиялардың құрылуына мүмкіндік беру. Әділ сайлаулар арқылы оппозициялық өкілдердің парламентке келуіне мүмкіндік жасау. Бұл бір жағынан биліктің жауапкершілігі, екінші жағынан қоғам да бұған дайын болуы керек», – деді Расул Жұмалы.
ҰҚСК-тің мүшесі Ерлан Саировтың сөзінше, парламенттің жүріп-тұру, депутаттардың жұмыс істеу психологиясын өзгерту керек. Оның айтуынша, депутаттар халыққа жақын, жұрттың үнін жеткізуге талпынып тұруы қажет.
Қазақстанда ресми тіркелген алты партияның үшеуі парламентке өткен. Олар – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын “Нұр-Отан”, “Ақ жол” және “Қазақстанның Коммунистік халықтық” партиясы.
Abdimanap KENES