Тоқаев: Сардоба су қоймасынан зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ

0
157
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына сапары. Photo: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына сапарында Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылысымен танысты. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Уәлидің хабарлауынша, апаттан 4 мыңға жуық халық зардап шегіп, 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынған. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтерген, әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден берілген.

Aқорда сайтының хабарлауынша, аталған ауылдардағы апаттан баспаналары бүлініп-қираған тұрғындарға 17 миллион теңгеден берілген.

– Жаңа шағын аудан салынып жатыр. Зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Әрбір тұрғынның жағдайын ескердік. Жаңа баспанаға көшем деген адамдар осында қоныс аударады. Көп ұзамай барлығы өз үйлеріне оралатын болады. Ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген. Кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті аудандағы ахуалды тікелей өзі қадағалап отырғанын жеткізген.

Мамырдың басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы алты ауылды су алған еді. Көлденең келген апаттан мыңнан астам тұрғын үй, үш мектеп, бес балабақша, бірнеше медицина мекемесі мен мәдениет үйі бүлінді. Су алған аймақта тұратын 31 мыңнан астам адам үй-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз