14 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және экология министрі Серікқали Брекешовке сөгіс жариялады.
Тоқаев сауда министрі мен ауыл шаруашылығы министрін қант тапшылығы үшін сынады. “Қазақстан 90 пайыз қант импортына тәуелді және бұған үкімет жол беріп отыр” деді.
“Бұрын ашылған жеті қант зауытының қазіргі кезде тек төртеуі – Алматы және Жамбыл облыстарындағысы істеп тұр, онда да жартылай жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай алты есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Алайда кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үш есе азайған. Біз 90 пайыз қант импортына тәуелдіміз. Мұнда Еуразия экономика одағы аясында қабылданған шешімге сілтесек болады, алайда қалай болғанда да бұған үкімет жол беріп отыр. Олар үкімет ұстанымын қорғай алмады. Сол себепті министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын” деді Тоқаев.
Президент үкімет дереу қант саласын дамыту жобасын жасап, қант импортына тәуелділіктен құтылуға күш салуы керектігін айтты.
Тоқаев сонымен бірге халықаралық жағдай ушыққан шақта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды.
“Әлемде азық-түлік бағасы 34 пайызға қымбаттады. Бидай – 47 пайызға, жарма 18 пайызға өсті. Қуаңшылықтың салдарынан Еуроодақ, АҚШ, Канада және өзге елдердегі астық өнімділігі азаяды деп жатыр. Қазақстанда ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Сары май өндірісі – 12%, өңделген сүт – 7,5%, қант – 5,6%, ірімшік – 3% қысқарған. Ал импорт көлемі 22% артқан” деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, министрліктер 2023 жылы Қазақстан құс еті (қазір импорт үлесі – 40%), шұжық өнімдері (44%), балық (60%), ірімшік пен қатық (50%), қант (60%), сүт өнімдері (4%) бойынша импорттан тәуелсіз болатыны айтқан, алайда қазір “басқа жағдайды көріп отырмыз”.
Бейсенбіде президент сонымен бірге экология және геология, табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке киіктер популяциясын “ату” арқылы реттеу туралы шешімі үшін сөгіс жариялады.
“Бұл ақырғы амал. Бәлкім, мұндай шараға жүгінуге тура келетін шығар. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ бұл соңғы амал. Мәселеге кәсіби түрде қарау керек” деді Тоқаев.
Өткен айда үкіметтің мемлекеттің ерекше қорғауында болып келген бөкендерді атуға рұқсат бергені, 80 мың киікті атылатыны хабарланған. Бұл қоғамда қызу талқыланған.