27 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, екі ел халқының игілігі жолындағы байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтауын жеткізіп, достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыта түсуге күш салатынын айтты.