Бекзат Саттарханов туралы фильм жарыққа шығады

0
591

20 жасында дүниеден озған олимпиада чемпионы, белгілі боксшы Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық фильм 2019 жылы жарыққа шығады. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының бас продюсері Айдос Тұрысбек мәлімдеді.

«Бүгінде «Хабар» агенттігі боксқа қатысты бірнеше авторлық жобаларды түсіруді қолға алуда. Атап айтсақ, Олимпиада чемпионы, мақтанышымыз Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық толықметражды фильм түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жуырда еліміздің бокс федерациясының 85 жылдығына арналған деректі фильмді көрсетеміз. Одан бөлек, АҚШ-та жүріп отанымыздың намысын қорғап жүрген боксшылар туралы деректі туынды жасау да жоспарда бар», – деді «Хабар» телеарнасының бас продюсері Айдос Тұрысбек.

Бас продюсер аталған жобаларды түсіру телеарна көрермендері алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін айттты. «Саттархановқа қатысты жоба 2 тілде түсіріледі. Онда боксшының өмірбаяны мен үлкен спорттағы жеткен жетістіктері туралы баяндалады. Алдымен 5 бөлімнен тұратын сериал ретінде түсіру жоспарлануда, одан бөлек ғұмырнамалық толық метражды фильм түсіріледі. Бүгінде телетуындыны түсіруге дайындық яғни, боксшының ата-анасымен және бапкерлерімен келіссөз жұмыстары жүріп жатыр. Фильмді танымал режиссер Мұрат Бидосов түсіреді және ол өз көрермендеріне 2019 жылы жол тартады», – деді ол.

Сонымен қатар, телеарна продюсері фильмді түсіруге еліміздің танымал боксшылары кеңесші ретінде тартылатынын және оның негізгі бөлімі спортшының туған жері Түркістанда түсірілетінін айтты.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз