2 қараша Астана қаласында «Нұрорда» мектеп-лицейінде басталған кіші футболдан республикалық додаға қатысушы «Білім-инновация» лицейі (БИЛ) оқушылары «Ертіс» футбол клубы және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Давид Лорияға тосын сый жасады. БИЛ оқушылары ішкі біріншіліктің 31-турында жарақат алып, үлкен футболдан біршама уақытқа алшақтап қалған Давид Лорияға қолдау көрсетті. «Білім-инновация» лицейлері арасында өткізіліп отырған кіші футболдан дәстүрлі республикалық турнирдің ашылу салтанатында лицейліктер «Davi’d, tezdetip jazylyn’yz» («Давид, тездетіп жазылыңыз») деген баннер ұстап шықты.
Уважаемый Давид Лория, школьники лицеев “Білім-инновация” желают вам скорейшего выздоровления и успехов в достижении целей!!! pic.twitter.com/7D6zC86ZhE
— bil.edu.kz (@bil_edu_kz) 2 ноября 2017 г.
Қатарынан төртінші рет өткізілген додаға «Білім-инновация» лицейлерінің 7-8-сынып оқушыларынан құралған 27 команда келді. Республикалық жарысқа 250-ден аса команданың ішінен іріктелген 217 БИЛ оқушысы қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткен жарыстың ашылу салтанатында министрліктің жалпы орта білім депаратаментінің директор орынбасары Айнұр Маусымбаева
мен Республикалық таэквондо федерациясының вице-президенті, Пекин олимпиадасының қола медаль иегері Арман Чилманов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұйымдастырушылар аталмыш спорттық жарыстың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушылардың денсаулығын жақсарту, олардың арасында бауырмалдық және ұйымшылдық қарым-қатынастарды нығайту мақсатымен ұйымдастырылатынын атап өтті, әрі қатысушылар арасынан атақты футболшылардың шығуына жол ашқысы келетіндіктерін де жасырмады.
Аталмыш турнир бүгін өз мәресіне жетіп, финалдық ойындарда жеңімпаздар анықталады.