Илон Масктың зымыраны Марсқа жол тартты

0
266

SpaceX және Tesla компанияларының басшысы Илон Масктың бастамасымен осыған дейін тарихта болмаған Falcon Heavy есімді жойқын да күшті зымыран АҚШ-тың Флорида штатындағы NASA-ға тиесілі Дж.Кеннеди атындағы айлақтан орбитаға ұшырылды, деп хабарлайды БиБиСи агенттігі.

Айға алғаш рет адам жіберген Америка Құрама Штаттары 45 жылдан кейін бірінші рет осындай алпауыт әрі күшті зымыран ұшырып отыр.

Ұшырылу кезінде қолданылған 3 зымыран-тасығыштың екеуі Жер бетіне сәтті оралған болса, біреуі ақауға байланысты қайта қона алмады.

Rocket graphic comparison

Илон Маск 2/3 пропорциясының да жетістік екенін атап өтті. SpaceX-тың басшысы зымыран ұшырылмай тұрып, айлақтан сәтті шығу ықтималдылығының 50 пайызды аспайтынын мәлімдеген еді.

SpaceX компаниясы өндірген Falcon Heavy («Ауыр қаршыға») есімді зымыранмен, сондай-ақ, Илон Масктың Tesla маркалы спорткары да ғарыш сапарына аттанды. Қызыл түсті спорт көлігінің жүргізуші орнына SpaceX компаниясының жаңа скафандры кигізілген маникен отырғызылды.

Car

Осыдан алдын берген бір сұхбатында спорткардың Марс орбитасына орналастырылатынын атап өткен Маск машинаның салонында Дэвид Боуидің Space Oddity атты әнінің ойнап тұратынын мәлімдеген еді.

Илон Маск сұхбатында: «Көлік әлемнен 400 миллион километр қашықтыққа барады және секундына 11 километр ілгерілейтін болады. Орбитада бірнеше жүз миллион тіпті миллиард жыл қалады деп ойлаймыз», – деген болатын.

Сонымен қатар, капсулада орналастырылған камералардан «адам сенгісіз көріністер» алынатыны жайлы айтылған еді.

SpaceX компаниясы Falcon Heavy атты зымыранның іші толған Boeing 737 жолаушы ұшағын орбитаға жеткізерлік қуатқа ие екенін атап өткен болатын.

Falcon Heavy

Аталмыш зымыран жүк көтергіштігі бойынша NASA агенттігінің астронавттарын айға апарған алпауыт Saturn V зымыранынан кем түспейді.

Дәл сол уақытта NASA, айға және содан кейін Марсқа адам жібере алу үшін Space Launch System (SLS) атты жаңа зымыран-тасығышын жасау үстінде. Алайда жоба барысында жіберілген кем-кетіктерге байланысты зымыранның ғарышқа ұшырылуы 2020 жылға қалып қоюы ғажап емес.

Falcon Heavy зымыраны осыған дейін қолданылып келген және ең қуатты деп есептелген америкалық Delta IV Heavy мен ресейлік Протон-М зымырандарынан екі есе қуатты. Falcon Heavy-ді ұшыру үшін 90 млн доллар кеткен болса, Delta Heavy ғарышқа ұшу үшін 435 млн доллар қажет етеді.

-ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

ВВС-дің мәліметінше, Масктың спорткары тиелген капсула Марс орбитасына жетіп орналасатын болса, Falcon Heavy ғарышты игеруде жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда:

  •  АҚШ-тың қарулы күштері мен барлау қызметі ғарышқа едәуір үлкендікте жерсеріктер ұшыра алатын болады;
  • Ғарышқа бір мезетте топтастырып бірнеше жерсерік жіберу мүмкіндігі туындайды. Мәселен, Илон Масктың ойынша, бірнеше мың жерсерікті қатар ұшыру арқылы Жер шарының түкпір-түкпірінде интернетке жоғары жылдамдықпен қолжетімділікті қамтамасыз етуге болады.
  • Болашақта Марсқа және Күн жүйесіндегі өзге ғаламшарларға қазіргіден де үлкен әрі дамыған роботтарды жіберу мүмкіндігі пайда болады.
  • Ғарышқа ірі телескоптар жіберу мүмкіндігі туындайды.
Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз