Тоқаев төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады

0
110

16 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдап, коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдайды түсіндірді.

“Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар. Төтенше жағдайдағы шектеулерге әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, сабыр сақтауы тиіс. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызғандар жауапқа тартылады”, – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның 90 миллиард долларға жуықтаған халықаралық қаржы резерві мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын орындауға жетеді.

– Бюджет шығыстарын мейлінше тиімді салаға бұруға тырысамыз. отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған бағдарламаларға кем дегенде 300 миллиард теңге бөлінеді, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 15-іне Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялаған.

“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізілсін” делінген президент жарлығында.

Жарлықта қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзетті күшейту, ірі сауда орындарының жұмысын шектеу, ойын-сауық орталықтары, театр сияқты көп адам жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату туралы жазылған. Бұған қоса, Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қою қажеттігі айтылған. (Қазақстан мен өзге мемлекеттің дипломатиялық қызмет өкілдері, халықаралық делегаттарға бұл шектеудің қатысы жоқ).

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда тоғыз адамнан коронавирус табылған. Олардың кемінде алтауы – Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда карантиндік стационарда емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі олар байланыста болған адамдардың оқшауланғанын хабарлады.

Қазақстанда вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Еуропадан, бір адам Сеулден келген. Қазір екі мыңға жуық адам карантинде жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі науқастың халі орташа, екеуінің жағдайы ауырлаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз