21 қазан күні Астанадағы RIXOS қонақ үйінде шетелдік және қазақстандық университеттердің көрмесі (KAZAKHSTAN EDUCATION FAIR) өтті.
Жиынның ұйымдастырушысы NOVA Education компаниясының Астанадағы директоры Бейбіт Дюсуповтың айтуынша, көрмеге 12 мемлекеттен 51 университет қатысқан. Жергілікті университеттерді қосқанда АҚШ-тан 19, Канададан 5, Гон-Конгтан 5, Оңтүстік Кореядан 4 университет келген. Басқа да елдерден келген жоғары оқу орындары да бар.
Өткен жылы аталмыш көрмеге 3200 бала қатысса, осы жылы 2000-2500 оқушы келеді деп жоспарланған.
Мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырысқан, әр елдің университеттерін жіті бақылап жүрген білімпаздармен әңгімелесуді қаладық.
ҮЙДЕГІЛЕРДІҢ БӘРІ “ПРОГРАММИСТ” ДЕП АТАП КЕТТІ
Арманындағы университетін іздеп жүрген Жезқазған қаласындағы Білім-инновация лицейінің 10 сынып оқушысы Олжас Алмасханнан не үшін IT маманы болғысы келетінін сұрадық.
“Көрмеге сыныптастарыммен келдім. Менің ойымша жақсы өтіп жатыр. Университеттер жайлы да көптеген мағлұмат алдым. Өзіме SDU мен Minnesota университеті ұнады. IT мамандығын таңдап жатырмын. Интернет және компьютер ұғымдары маған жақын. Бір сөзбен айтқанда бағдарламалау және инженерлік қазіргі заманның мамандығы. Кішкентай кезден бұзылған технологияларды жөндеуге тырысатынмын. Үйдегілердің бәрі “программист” деп атап кетті. Мектеп қабырғасында қызығушылық одан әрі арта түсті. Солай IT маманы болам деген шешім қабылдадым. Университетке дайындалып жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Қазақстанда да жақсы университеттер бар. Бүгінгі көрмеде асықпай қарап, салыстырып шықпақпын”, – деді болашақ IT маманы.
ҮМІТІМДІ ҮЗБЕЙМІН, ІЗДЕНІСТІ ЖАЛҒАСТЫРАМЫН..
Ал, Қостанайдан келген Дильназдың арманы – логистика. Көрмедегі жоғары оқу орындарынан мамандығына байланысты қандай ақпарат таба алды екен? Аз-кем анықтап білдік.
“Таңертең пойыздан түсе сала осында келдік. Мүмкіндіктерге қызығып, бір күн болса да болашақ оқу орындарымызбен танысайық деген ой болды. Көптеген университеттерді қарадым. Жақсы білім мекемелері көп-ақ. Алайда, мен таңдаған мамандықты оқытатын университетті әзірге таппадым. Үмітімді үзбеймін, іздеуді жалғастырамын. Менің таңдауым – логистика. Қазақстанда бұл мамандықты оқытатын жер аз. Мысалы, СДУ-да ондай мамандық жоқ екен. Шетелдік оқу орындарында мүмкіндік көбірек. Бұл мамандық мен үшін өте қызық. Таңдаған пәндерім де жаныма жақын. Логистика мамандығы алдағы жылдары дамиды деген ойдамын. Кішкене кезімнен ағылшын тілін оқып келемін. Жақында IELTS тестін тапсырамын”, – деді Дильназ.
МҰҒАЛІМДІК МАМАНДЫҚТЫҢ МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТСАМ ДЕЙМІН..
Екібастұздан келген Ақжан Қабылхәкім мұғалім болғысы келеді. Сонымен қатар ол университетті өз елінде оқығысы келеді. Армандарын да айта отырда.
“Көрмеде жақсы университеттер көп. 9 сыныптан бері Алматыдағы Cүлейман Демирел университетіне түсемін деп жоспарлап келемін. Бүгінгі көрменің арқасында СДУ жайлы мол мағлұмат алдым. Мазалап жүрген сұрақтардың жауабы табылды. Болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғым келеді. Мектепте сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Одан бөлек қосымша курстарға қатысу арқылы дамытып жатырмын. Білгеніммен бөліскен ұнайды. Түсіндіру қабілетім де жоқ емес. Басқа тілдерде де ойымды еркін білдіре аламын. Сонымен қатар қоғамдағы мұғалімдік мамандықтың мәртебесін асқақтатсам деймін”, – деді ол.
ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛЫП, МОЛ ТӘЖІРИБЕМЕН ЕЛГЕ ОРАЛАДЫ..
KAZAKHSTAN EDUCATION FAIR ұйымдастырушысы NOVA Education компаниясының Астанадағы директоры Бейбіт Дюсуповпен шетелде білім алу, гранттар мен жеңілдіктер, әр елдегі білім саласы туралы әңгімелестік.
“Бүгінгі көрме университет пен студенттерді жалғайтын жақсы бір платформа. Көп мүмкіндіктердің бір жерге тоғысуы. Себебі, 52 оқу орнының ішінде қазақстандық университеттер де бар. Деме,к салыстыру мүмкіндігі де жоқ емес. Екіншіден, барлық университетте шәкіртақы және грант мәселесі қарастырылған. Абитуриенттер мұның барлығын қолдана алады. Өткен жылы білім көрмесіне 3200 бала қатысқан еді. Осы жылы 2000-2500 оқушы күтіп отырмыз. Бұл жерге тек Астана қаласы емес Солтүстік Қазақстанның 7 қаласынан 600 оқушы келеді”, – деді ол.
Қазақстандық балалар көбіне қай елдерді таңдайды?
Қазақстандық балалардың көбі Ресейге барады. Одан кейін Чехия. Соңғы жылдары Польша сұранысқа ие боп тұр. Ал, Америка, Канада, Швейцария, Англия елдеріне дайындығы өте жоғары және материалдық жағдайы толық жететін оқушылар барады. Жалпы трендте Оңтүстік Корея, Чехия, Польша, Германия елдері.
Оқушылардың университет бітіргеннен кейінгі карьерасына қарайласасыздар ма?
Иә. Балалар оқуға түскеннен кейін де бізде олар туралы мәлімет сақталады. 4 жыл оқуы кезінде де байланыста боламыз. NOVA Education компаниясының әр елде өкілдері бар. Олар тиісінше студенттерге көмектеседі. Оқуын бітіргеннен кейін де шетелде немесе Қазақстанда жұмыс табуға көмектесеміз.
Былтырғы көрмеден кейін неше оқушы сіздер арқылы оқуға түсті?
Өткен жылы көрмеге 3200-дей бала қатысты. Оның 600-700-ге жуығы бізге хабарласты. Нәтижесінде аталған 12 мемлекетке грантпен және жеңілдікпен 120-ға тарта баланы оқуға жібердік. Кейбір шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық университеттермен оқу ақысы бірдей.
Оқушылардың басым бөлігі қандай мамандықты таңдайды?
Ең көп сұралатын мамандықтар: IT, экономика, қаржы және халықаралық қатынастар. Инженер мамандығы көбіне ер балалар тарапынан сұралады.
Шетелде оқыған балалар Қазақстанға қайта ма?
Бұл сұрақтың жауабы қай мемлекетте оқып жатқандығына байланысты дер едім. Мысалы, Еуропада оқығандарға 2-3 жыл көлемінде қызмет етуге рұқсат етеді. Шетелдердің бір жақсы тұсы оқу бітіргеннен кейін 1 жыл жұмыс визасын береді. Cтуденттер оқу бітіргеннен кейін бірнеше жыл жұмыс жасап, мол тәжірибемен елге оралады. Біз жіберген балалардың 92-93 пайызы елге қайтып келеді. Қалатындарының өзі оқуын ары қарай жалғастыру үшін, магистратура, доктарантура үшін қалады.
Шетелдік университеттермен байланысу процесін қысқаша түсіндіріп берсеңіз.
NOVA Education – шетелдерге оқуға жібереді. Тілдік курстар, бакалавриат, магистратура және доктарантура. Сонымен қатар, білім беру сапарлары ұйымдастырылады. Байланысқа шығар алдында оқушылардың сұраныстарына байланысты хабарласамыз. Барып өкілдерімен кездесеміз. Қазақстандық оқушылардың жоғары оқу орнына қызыққандығын түсіндіреміз. Келіссе Қазақстанға келеді. 2012 жылы ең алғаш көрме жасағанда 10-12 университет келген болса, бүгінде оқу орындарының саны 51-ге жетті.
Бір байқағаным мұнда 9-10 сынып оқушылары көп. Келе алмаған сондай оқушылар үшін тілдік курстар жөнінде мәлімет бере кетсеңіз.
9-10 сыныптарды шақыруымызға себеп шетелге түсу үшін балаларға портфолио (IELTS, SAT) керек. Бұл 1-2 ай немесе 1 жылда алынатын нәрсе емес. Төменгі сыныптарды шақырсақ осындай талаптарды ертерек білсін дейміз. Сонымен қатар, барлық университетте мамандыққа байланысты жазғы бағдарламалар бар. Ең маңыздысы тіл ғой. Польшаның өзі IELTS тестінен 5-5.5 талап етеді. Америка, Канада, Швейцария, Англия т.б барлық елдерге тіл курстарына жібереміз. Жыл сайын кемі 50 бала тіл курстарына барады. Тіл курстарының мерзімі 2 аптадан бастап 3 айға дейін. Қазір Малайзиямен келісімшарт жасап жатырмыз. Онда 6 айлық және 1 жылдық білім гранттары қарастырылған. Грант конкурс негізінде беріледі. Польшада да дәл солай. 3 айлық және 6 айлық курстарға конкурс жариялаймыз.
Қазіргі заманның университеті қандай болу керек?
Университет ең алдымен қазіргі заманға сай болуы керек. Оқытумен шектелмей балалардың қабілетін аша білуі тиіс. Тіл үйретуі қажет. Бір сөзбен айтқанда бәсекеге қабілетті маман даярлауда дес бермеуі басты талап.
Бүгін RIXOS қонақ-үйі білімпаздарға толды. Мол мүмкіндікті пайдалануға асығып ішке кірген оқушылардың санында есеп жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы қанша суық болса да, білімге талпынған балалардың жүзінде жылулық байқалады.
Abdimanap KENES
Сәлетсіздерме мен Рискулова Надира қазіргі таңда 8сыныпты бітіріп 9сыныпқа барамын мен 11сыныпты бітіріп Америкаға университетке оқуға түскім келеді және мен қазір неден бастауымды білмей жүрмін мен Туркестан қаласында тұрамын өтінем маған көмек керек