Медицина бойынша Нобель алған зерттеу созылмалы ауруларды емдеуге көмектеседі

0
119
Биылғы медицина және физиология бойынша Нобель иегерлері Дэвид Джулиус пен Ардам Патапутян. Photo: EPA/REUTERS

Биыл медицина және физиология бойынша Нобель сыйлығын “адам денесінің күн жылуын қалай сезінетінін” және “жақсы “көретін адамдар құшақтағанда қандай сезім туындайтынын” зерттеген ғалымдар иеленді. 

Америкалық ғалымдар Дэвид Джулиус пен Ардам Патапутян медицина және физиология саласында жанасу мен температураны анықтау бойынша жасаған еңбектері үшін биылғы Нобель сыйлығын бөлісті.

Олар адам денесінің физикалық сезімдерді жүйке жүйесіндегі электр сигналдарына қалай айналдыратынын анықтаған.

Ғалымдар ашқан жаңалық ауырсынуды емдеудің жаңа жолдарына жетелеуі мүмкін.

Жылу, суық және жанасу қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста болу және өмір сүруде үлкен маңызға ие.

Алайда адам денесінің мұны қалай жасайтыны биология үшін үлкен құпия болып келді.

“Бұл өте маңызды әрі тың жаңалық”, – деді Нобель сыйлығын табыстау комитетінің мүшесі Томас Перлман. 

Ғалымдар қандай жаңалық ашты?

Сан Францискодағы Калифорния университетінің профессоры Дэвид Джулиустің жаңалығы өте ащы қызыл бұрыш жегенде пайда болатын “ауырсынуды” зерттеуден басталған.

Чилиде оны ыстық ететін капсаицин аталатын химиялық қосылыс бар. Ғалымдар денеміздің жылуға қалай әсер ететінін зерттеу үшін осыны қолданған. Photo: Getty Images

Ол химиялық капсаицинді ащы бұрыштың жылу көзі ретінде алып зерттеді.

Ғалым капсаицинге жауап беретін рецептордың (адам жасушасының қоршаған әлемді танитын бөлігі) нақты бір түрін анықтады.

Одан кейін жасалған тест қорытындысы бойынша, рецептор жылудан әсер алып, “ауырсынуға” әкелетін температурада әрекетке түсті. Бұған шыны ыдыстағы кофені ұстағанда қолдың күюін мысал ретінде келтіруге болады.

Рецепторлардың ашылуы ғалымдарға бір затқа қол тигізерде оның қаншалықты ыстық екенін түсінуге көмектеседі. Photo: Getty Images

Бұл ғылыми жаңалық басқа да бірқатар температура сенсорларының анықталуына түрткі болды. Екі ғалым суықты анықтай алатын сенсорды да тапқан.

Сонымен қатар, Скриппс ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтін профессор Патапутян да аталмыш торларды табаққа орналастырған.

Бұл тәжірибелер механикалық күшке немесе жанасуға жауап ретінде белсендірілген рецепторлардың басқа түрін табуға негіз болған.

Жағалауда жалаң аяқ келе жатқанда аяқ астында жатқан құмды сезгенде миға сигнал дәл сол рецепторлар арқылы жетеді.

Профессор Патапутян Нобель комитетінің оған жеңімпаз екенін айту үшін хабарласқанын бірнеше рет өткізіп алған. Себебі оның телефоны “мазаламау” режимінде болғандықтан, Швециядан келген телефон қоңыраулары (Калифорния уақытымен 02:00-де) жауапсыз қалған.

“Олар менің Лос Анжелесте тұратын 94 жастағы қарт әкеме бір жолын тауып хабарласыпты. Әкем маған хабарласып, оятып жаңалықты жеткізді. Бұл мен үшін маңызды оқиғадан хабардар болудың ең керемет түрі болды”, – деді ол.

Осылайша аталмыш сенсорлық және температуралық сенсорлар денеде және кейбір ауруларда маңызды рөл атқаратыны белгілі болған.

Бірінші жылу сенсоры (TRPV1 деп аталады) созылмалы ауруға және денеміздің ішкі температурасын реттеуге қатысады. Сенсорлық рецептор (PIEZ02) зәр шығарудан бастап қан қысымына дейін көптеген функцияларды орындайды.

Нобель сыйлығын табыстау комитеті ғалымдардың жұмысын “жылу, суық және механикалық күш қоршаған әлемді қабылдауға және оған бейімделуге мүмкіндік беретін жүйке импульстарына қалай әсер ететінін түсінуге мүмкіндік берді” деп мәлімдеді.

“Бұл жаңалық созылмалы аурулармен қатар, көптеген індеттерді емдеу әдістерін жасау үшін қолданылады”, – деп қосты комитеттегілер.

Ғалымдар 10 миллион швед кронын (490 378 085 теңгені) бөлісетін болады.

Нобель сыйлығы туралы

Нобель сыйлығы – бұл жұмысы қоғамға пайдалы болған адамға берілетін сыйлық.

Сыйлық динамитті ойлап тапқан щвед ғалымы Альфред Нобельдің есімімен аталады.

Сыйлық алты санат бойынша беріледі: физиология немесе медицина, физика, химия, әдебиет, экономика және бейбітшілікті насихаттау.

Өткен жылы медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын адам жасушасының ауа тапшылығына бейімделуін зерттегені үшін америкалық ғалымдар Уильям Кэйлин, Грег Семенца және британиялық сэр Питер Рэдклиффке берілген болатын. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз