Түркістан облысы Қарабұлақ ауылының тұрғындары елді мекен маңайындағы қан аралас сарқынды су жиналатын көлшіктерден құтыла алмай мезі болып отыр, деп хабарлайды egemen qazaqstan.
Қарабұлақ ауылының іргесінде малдың қаны құйылатын әрі шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды көлшік бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл сулардың мал соятын орындар мен ауруханалардан, түрлі мекемелер мен көпқабатты үйлерден жиналатынын айтты.
«Сарқынды су жиналған бұл орынның қызыл түске боялғанына кемі бес жылдай болыпты. Арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып жатыр. Оған қоса жайылып жүрген мал да ішеді. Осы маңайға су сіңіп жатқандықтан, бұлақтан да қып-қызыл су шығып жатыр. Ауыл тұтынатын ауыз суға барып қосылады. Жел тұрса сасық көлден демалу мүмкін емес.. Ал қан суымен суарылған көкөністер жан-жаққа саудаланып жатыр. Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ олардан қайыр жоқ», дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Шухрат Рахманқұлов.
Айта кету керек, ауданның коммуналдық салаға жауапты мамандары қанды мал соятын тұрғындар өздері түнделетіп төгіп кететінін ескертті. Полиция айыппұл салғанымен, әзірге нәтиже жоқтың қасы.
«Қанды әкеліп төгеді. Ол кәдімгі ыстық қан. Ол жерге төккеннен кейін кәдімгі целлофан кленка сияқты қалып қалады жердің астына. Содан жерге су сіңбейді», дейді Сайрам аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Баймырза Бейсенбаев.
Ал өңір экологтары тұрғындардан арыз-шағым түспегенін айтты. Бүгінде бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім айтпаған. Дегенмен, сарқынды суларды сүзгіден өткізетін орталық салуға қаржы бөлінгенімен, ол орталықтың жұмысы әлі күнге дейін іске қосылмаған.
«Мал соятын мекемелер қанды арнайы орталыққа апарып төгу керек. Ол жерге өткізгенде көлікке ақы төлейді. Ал олар бассейндерге рұқсатсыз әрі тегін төгіп отырған. Салдарынан қан аралас су жайылып кеткен», дейді Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сайрам ауданы әкімдігінің хабарлауынша, осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев тұрғындармен кездескен. Кездесу барысында санитарлық талаптарды сақтау, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында мал сою орындарынан шығатын қанды төгіп, сондай-ақ мал өлекселерін тастауға рұқсат етілмейтіні түсіндірілген.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ауданның ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп 3 механикаландырылған техникамен нысанның сүзу алаңдарын кеңейтіп, тереңдетуде. Сонымен қатар аудан әкімдігі полиция бассейндерді қадағалауға алғанын, мал қанын төгетіндерге қатаң шара қолданылатынын хабарлады. Ал облыстағы экология департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша кінәлілерге айыппұл салынады.