Семей қаласындағы «Хакім» сүт асханасы «биолакт» деп аталатын дәрілік өнімімен танымал. Ол иммундық жүйені нығайту үшін балаларға қосымша тағам ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ ересектердегі ас қорыту проблемаларын жеңілдетеді және табиғи дәрі ретінде қызмет етеді. Көп жылдық жұмысы үшін Германия, Америка Құрама Штаттары және Гонконгтың шетелдік компанияларының құрамындағы Дүниежүзілік іскерлік бедел қоры «Хаким» ЖШС-ны іскерлік беделі бар кәсіпорын ретінде анықтап, «Жоғары беделі үшін 2022» сыйлығымен марапаттады, деп хабарлайды Kazaknews.kz ақпараттық агенттігі world-nan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Сүт тағамдары асханасы 2002 жылы ашылған. Мұндай асхана саны Қазақстан бойынша үшеу. Күніне 1 құты (фляг )сүт өндіруден бастаған кәсіпорын бүгінде тәулігіне 600 литр өндіре алатын қуатты компанияға айналған. Жиырма жыл ішінде компания тұрақты, сенімді беделге ие болып, қала тұрғындарының алғысына бөленіп жатыр.
«Біз биолактпен Семейдегі бүкіл баланы қамтып келдік. Бұл өте нәрлі өнім. Біріншіден оны тірек-қимыл аппаратының кешенді терапиясы үшін қолдануға болады. Балалар мықты сүйекпен өседі, тісі бүтін болады; екіншіден биолакт ас-қорыту жүйесіне, ішек жолдарына шипа. Өйткені оның құрамында бифидобактериялар бар. Ересектер антибиотик курсын қабылдаған соң ішек микрофлорасын ретке келтіру үшін биолакт ішсе жақсы. Биолакт иммунитетті нығайтады, балалар ағзасы ауруларға төзімді болады. Биолактың пайдалы қасиеттері КСРО кезінде зерттеліп, Ленинград институтымен дәлелденген», – деді кәсіпорын директоры Қажымұқан Төлеуов.
Кәсіпорын биолакт, сүзбе, йогурт, қаймақ және қарапайым пастерленген 3/2%-дық сүтті өндіреді. Кәсіпорын Кеңес одағының стандартымен жұмыс істеп, сүт өнімдерін пластик немесе қағазға емес шыны ыдысқа құяды. Өндірісте балалар тамақтануына ерекше назар аударылған.
«Біздің артықшылық бүгін өндірілген өнім сол тәулікте сатылып кетеді. Өйткені өнім құрамындағы тірі бактериялар мерзімі кетсе өліп кетеді, демек сүттің пайдасы қалмайды. Осы жылдар ішінде «Балке» фермерлік қожалықпен жұмыс істеп келеміз. Таңертең сүт аламыз, колбаларды өңдейміз, пастерлеуге енгіземіз, талдаулар жасап, сүтті 92 градусқа дейін бумен зарарсыздандырамыз. Солай 15 минут ұстаймыз және құбыр арқылы биолакт цехына жөнелтеміз. Цехте сүт салқындатылады, ашытқы енгізіледі, күні қойылады және термокамераға орнатылады. Онда ол 6-8 сағат ашытылады, содан кейін тоңазытқышқа 2-4 градус температурада қалдырылады. Келесі күні өнім сатылады немесе СВА рецепті бойынша тегін беріледі. Біз күн сайын балалар мен олардың денсаулығы үшін демалыссыз жұмыс істейміз, – деді сүт тағамдарының меңгерушісі Торғын Жәкенова.
Толығырақ ақпаратты біздің telegram мен facebook оқып, маңызды ақпаратты youtube пен instagram көре аласыз.