2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін – Тоқаев Қытай саммитінде

0
90
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия - Қытай" саммитінде сөз сөйлеуде

Қытайда 6 ел президенттері қатысып жатқан «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтіп жатыр. Осы мемлекеттер арасында бұл шара алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Саммитке Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстан президенттері қатысуда, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.

«Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған», – деп сөзін бастады президент Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елдерге ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына тоқталды:

БІРІНШІ. Тауар айналымын арттыру

«Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар»,

ЕКІНШІ. Электронды сауда

«Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті.

Қытайдың «Alibaba Group», «JD COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Осы орайда Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады.

Кеше JD COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды»

ҮШІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымы

«Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды.

Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ»

ТӨРТІНШІ. Өнеркәсіп саласы

«Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн»

БЕСІНШІ. Энергетика саласы

«Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз.

Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз»

АЛТЫНШЫ. Ауыл шаруашылығы саласы

«Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз.

Бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн»

ЖЕТІНШІ. Трансшекаралық су ресурстары

«2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – БҰҰ дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.

Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет»

СЕГІЗІНШІ. Туризмді дамыту

«Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады»

ТОҒЫЗЫНШЫ. Аймақтың қауіпсіздігі

«Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады.

Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз», – деді президент өз сөзінде.

Мемлекет басшылары «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойды

Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз