Түркияда «Фуркан» қорының басшысы, діни лидер Алпаслан Куйтул түрік қарулы күштері тарапынан Сириядағы Африн аймағында жүргізіліп жатқан «Зәйтүн сабағы» операциясын сынға алғаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы түркиялық «Республика» басылымы (Cumhuriyet gazetesi) хабарлайды.
«Фуркан» қорының басшысы, діни лидер Алпаслан Куйтул және оның 19 ізбасары қамауға алынды. А.Куйтул «Зәйтүн сабағы» операциясына қатысты «Түркия (Афринге) кіреді, бірақ шыға алмайды» деген болатын.
Алпаслан Куйтулдың Африн операциялары туралы жасаған толық мәлімдемесі саналы патриоттың жанайқайына ұқсайды:
«Түркия «кіремін-шашамын» дейді. Бәлкім Түркияны тұзаққа тартып жатқан болар.. Америка Түркияның не істейтінін, не істей алатынын жобаламай жасай ма мұны?!
(АҚШ) жұрттың көзіне түсіріп, қыр көрсетіп, броньдалған техника, қару тиелген жүк көліктері, зениттік зымырандар алып бара жатады.. Бұл – Түркияны арандатушылық. Бұл әрекеттердің Түркия үкіметі үшін мындай астары бар: «Сені адам құрлы көрмеймін, сенің сыныңа мұқтаж емеспін, сенімен достығымыз аяқталды. Бұдан былай PKK/PYD-ға (Күрдістанның жұмысшы партиясы мен демократиялық бірлік партиясы — түрік үкіметі үшін екеуі де лаңкестік ұйым) қолдау білдірем».
(Американың) жасағаны – осы. (Дәл осыны) Түркия жасаса, үлкен қарсылыққа тап болар еді деп ойлаймын. Біріншіден, АҚШ, міндетті түрде, шолу қызметін береді. PYD үшін бұл – өте маңызды шайқас, қатты мән беретін тұстарының бірі де – барлау жұмыстары. АҚШ ұшқышсыз аппараттармен, басқа жолдармен мәлімет жеткізеді. Түркияны онда [Сирияда] ұйыққа тіреу үшін. Кіру барда шығу бар. Кіресің, бірақ шыға алмайсың».
Ресми ақпараттарға сүйенсек, қаңтардың 29-нан 30-ына қараған түні полицияның арнайы бөлімдері А.Куйтул мен оның жақтастарына қарсы бір уақытта операциялар жүргізді. Оппозициялық басылымдар биліктің «өзіндік пікірі бар» А.Куйтулға ілігерге қара таппай, билікті кей мәселелелер бойынша сынға алғаны үшін күйліккенін жазады. Заңға қайшы ешбір әрекеті жоқ діни лидерді қамауға алуға барған полиция күштерінің операцияны жүргізу формасы таңғалдырды. А.Куйтулды тұтқындау үшін әдетте аса ауыр қылмыс яки террор актілерін жасаған қылмыскерлерді ұстарда көмегіне жүгінетін броньдалған техника мінген, маска киіп, автомат асынған арнайы жасақтар қолданылды. Мысалға, осыдан бірер жыл бұрын «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) террор ұйымының белді мүшелеріне қарсы жасалған операциялардың өзінде ауыр техника мен арнайы жасақ шақырылмаған болатын.
Алпаслан Куйтул – «Фуркан» қорының (жамағаты) лидері. Фетхуллаһ Гүлен және оның ізбасарларын қудалаумен басталған жамағаттарға қарсы қысымдардан кейін Түркиядағы діни лидерлердің көбі президент Режеп Тайып Ердоғанның ығына жығылуды жөн көрді. А.Куйтул азаматтық позициясын сақтап, күшке мойынсұнбаған азғантай лидердің қатарына жатады. Діни лидер билік саясатындағы дүдамал бастамаларға қарсы екенін ашық түрде жеткізді. Әсіресе «Зарраб сот ісі» кезінде биліктегі азаматтарға көкейіндегі сауалдарын жолдап, алғаш рет саяси режиммен конфронтацияға түсті. Тіпті президент Ердоғанның да кемшіліктерін бетіне басқан кезі болды. А.Куйтул: «Ердоған соңғы жылдары райынан тайды, Түркиядағы жамағаттардың түбіне жетуді аңсайтын «терең мемлекет» деп аталып жүрген (солшыл) топтың айтқандарын бұлжытпай орындап келеді», – деп айды аспанға бір-ақ шығарған болатын.