7 жаңа елші Мемлекет басшысына сенім грамотасын табыстады

0
267

Бүгін Ақорда Сарайында өткен салтанатты рәсімде Ауғанстан, Бельгия, Канада, Польша, Финляндия, Франция және Эстония елдерінің Қазақстан Республикасындағы елшілері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыстады.

Жаңадан тағайындалған 7 елшіден сенім грамоталарын қабылдап алған Елбасы салтанатты рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде елшілердің дипломатиялық миссияларының Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біз Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға кірістік. «Рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарлама әрбір азаматымыз үшін ерекше мәнге ие болуда, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға экономикалық және имидждік тұрғыдан оң әсері болған Астанада өткен бірқатар халықаралық іс-шаралардың нәтижелеріне тоқталды. Елбасы биыл Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммиті, Төмен байытылған уран банкінің ашылуы және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі тұңғыш саммиті өткенін атап өтті.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне қосып отырған үлесін ерекше атап өткен президент еліміздің шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

– Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Инвесторлармен және бизнеспен өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатында «Қазақ Invest» және «Қазақ Export» ұлттық компаниялары құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC), «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі жұмысын бастауда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен жаңа елші тағайындаған елдер арасында экономикалық, саяси және сауда салаларында орнаған байланысқа жеке-жеке тоқталып, сөз соңында елшілерді жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Ақордада өткен қабылдауға осы жаз тағайындалған жаңа елшілер: Хэйти Мяемеэс (Эстония), Кадам Шах Шахим (Ауғанстан), Селим Хазбиевич (Польша), Николя Бруссо (Канада), Микко Кивикоски (Финляндия), Алекси Де Кромбрюгхе Де Пикендаель (Бельгия) және Филипп Мартинэ (Франция) қатысты. Айта кететiнi, грамота табыстау рәсімінде орыс тілін білулеріне қарамастан елшiлердiң көбi қазақ тiлiнде сөйлеп, мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсеттi.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз