УЕФА чемпиондар лигасының 2017/18 маусымындағы ширек финал ойындарының 2  жауапты кездесуі өтті. Алғаш ойында есеппен жеңіске жеткен клубтар екінші ойынды сырт алаңда өткізді.

Бірінші ойында 3-0 есебімен отандастары «Манчестер Сити» командасының тас-талқанын шығарған ағылшындардың «Ливерпуль» командасы «Этихад» стадионында өткен ойында да басым түсті.

Ойынның 2-ші минутында манчестерлік Габриэль Жезустың голы алаң иелерін алға шығарғанмен, «Ливерпуль» ойынның екінші жартысында 56-шы минутта Мохамед Салах пен 77-ші минутта Роберто Фирмино соққан голдардың арқасында жеңісті жұлып кетті.

Қызықтың көкесі Италия астанасы Римде қатар өткен ойында болды. Өз алаңында 4-1 есебімен «Рома»-дан басым түскен испан серкесі «Барселона» Римге жартылай финал жоспарларымен келген еді. Алайда 3-0 есебімен есе жіберіп, чемпиондар лигасымен қош айтысты.

Алғашқы гол ойынның 6-шы минутында соғылды. Босниялық шабуылшы Эдин Джеко командасын алға шығарып, екінші таймның 57-ші минутында өз командасына пенальтиден гол салу мүмкіндігін сыйлады. «Рома» капитаны Даниэле Де Росси нүктеден мүлт кеткен жоқ. 58-ші минутта есеп 2-0 болды. Ойынның негізгі уақытының аяқталуына 8 минут қалғанда грек қорғаушысы Костас Манолас командасының үшінші голын соғып, екі кеште бүкіл Римді аяққа тұрғызды.

Каталониялық клуб итальян командадан мұндай қарсылық күтпеген болуы керек, ойынның қалған бөлігінде қарсылық көрсете алмады. Жалпы, испаниялық команда осы жылдағы ең сүреңсіз ойынын көрсетті. Аргентиналық бас жұлдыз Леонель Мессидің аяғы байланып, «Барса»-ның бағы тайды. Эрнесте Вальверде бастаған клуб чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде осымен үшінші жыл қатарынан жартылай финалға өте алмады. Бір қызығы, соңғы үш жылда «Барса»-ның чемпиондар лигасындағы авантюрасы Месси гол соқпаған матчта аяқталып келеді.

Embed from Getty Images

Испания чемпионатында соңынан ілескендерді жеткізбей келе жатқан «Барселона» ел кубогының ақтық кезеңіне шыққан еді. Кубок финалында «Севилья»-ны қалпақпен ұрып алатынына кәміл сенетін жанкүйерлер «чемпиондық кесте» бойынша келе жатқан сүйікті командаларының чемпиондар лигасы кубогын жеңіп алуын асыға күткен болатын. Алайда бақ сынаған үш турнирде де жеңіске жетіп, требл (алтын хет-трик) алу арманы келесі жылға қалды..

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз