Германияда жаңа үкімет құрылады

0
78

Германиядағы жалпы сайлаудан бес ай өткеннен кейін жаңа үкіметтің құрылуына кедергі болған соңғы фактор өз күшін жойды. Социал-демократ партиясының (SPD) мүшелері Христиан бірлігі партияларымен (CDU / CSU) коалиция құрылуын мақұлдады. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) басылымы хабарлады.

SPD-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DW басылымы Христиан социалды бірлігі (CSU) партиясының басшысы Ангела Меркельдің алдағы уақытта жаңа үкіметтің құрамын жасақтайтынын жазады.

Социал-демократ партиясының (SPD) мүшелері өткізген дауыс беру шарасына 378 мың 437 кісі қатысқан. SPD депутаты Дитмар Ниетанның айтуынша, партияға мүше азаматтардың 78,39 %-ы дауыс беруге қатысқан: оның 239 мың 604-і коалицияға жақ болса, 123 мың 329 кісі Христиан бірлігі партияларымен бірге үкімет құруға қарсы болған. Осы көрсеткішке сүйенсек, коалицияға «иә» деп дауыс бергендердің үлесі 66,02 %-ды құрайды.

SPD төрағасының міндетін атқарушы Олаф Шольц соңғы нәтиже бойынша партиясының үкіметке өткенін хабарлады. Социал-демократтардың коалицияға «иә» деуі Ангела Меркельдің 14 наурыздан бастап төртінші рет үкімет басшысы болуына мүмкіндік береді.

Өткен жылдың 24 қыркүйегінде өткен сайлауда жинаған дауыс үлесі 20,5 %-ға төмендеген Социал-демократтар партиясы бастапқыда Христиан бірлігі партияларымен (CDU / CSU) коалицияға бармайтынын мәлімдеген еді. Алайда 21 қаңтарда өткен кезектен тыс құрылтайда SPD депутаттары коалиция үкіметін құруға ықылас білдірді.  642 делегаттың 362-сі Христиан бірлігі партияларымен (CDU / CSU) коалицияға «иә» деп дауыс берді.

CDU / CSU / SPD партияларынан құралған үлкен коалиция 2013 жылдан бері үкіметті басқарып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз