Польша Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді

0
163

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген Польша Президенті Анджей Дуданы «Ақорда» сарайында қабылдады.

Тар форматта өткізілген кездесулерден кейін ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Елбасы Дуданың іссапарының Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қатынастың құрылғанының 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін айтты.

Бүгін өткізілген келіссөздер барысында екі жақты, өңірлік және халықаралық қатынастар төңірегінде сөз қозғалғанын жеткізді. Бүгін қол жеткізілген үкіметаралық және ведомствоаралық келісім құжаттарының үлкен маңызға ие екенін атап өткен Елбасы, Қазақстан мен Польшаның әлеуметті-экономикалық, ішкі және сыртқы саяси даму барысы жөнінде өнімді пікірлер айтылғанын да мәлімдеді.

Сонымен қатар, кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті екі тараптың іскерлік орталарының экономикалық қатынастарды тиісті деңгейге көтеру үшін қарқынды жұмыс істеу керектігін және Қазақстанда бизнестің жүргізлуі үшін барлық қолайлы жағдайлардың жасалып отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанда поляк кәсіпорындарының санынын артқанын айтқан Елбасы, ауыл шаруашылығы, химия, көлік және құрылыс салаларында 115 кәсіпорынның жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұдан өзге, келіссөз барысында Елбасы Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін Дудамен Қазақстан мен Польшаның көліктік және транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалану туралы пікір алмасқанын және болашақта осы бағытта көлемді жұмыстар жасалатынын да алға тартты. Екі тараптың білім және ғылым саласына да баса назар аударатыны, қазіргі уақытта 700-ден аса жас қазақстандықтың Польша университеттерінде білім алып жатқандығы айтылды.

Өз кезегінде, Польша президенті Анджей Дуда Қазақстандық әріптесіне алғысын білдіріп, болашақта екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді. Польша президенті Нұрсұлтан Әбішұлына Польшаның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қолдағаны үшін алғыс білдіргенін жеткізіп, Варшаваның осы мақсаттағы ұмтылысын Астананың қолдағанын негізге алды. Қазақстан Сириядағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға күш салып жатқан бейбітшіл мемлекет екенін атап айтқан Польша Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның рөлі өте маңызды екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз