Қырғыз басшы Қазақстанға неге шүйлікті?

0
59
Франс Пресс агенттігі

Бүгін «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында болған мемлекеттік марапаттауларды табыстау рәсімінен кейін Қырғыз Республикасының басшысы Алмазбек Атамбаев келер апта болатын президенттік сайлаудың төңірегінде бірқатар мәлімдеме жасады. Вице-премьер Темір Жұмақадыровтың қаза болуы туралы қайғылы хабардан кейін күйзелген болар, Атамбаев уытты сөздерін үйіп төкті, ал тыңдаушылар аузын ашып, көзін жұмды. Қырғызстан президенті кетер аяқ мәлімдемесінде Қазақстанды да айналып өтпеді. Кейбір ойлары тіпті халықаралық жанжал туғызатын санаттан еді. Akipress таратқан Атамбаевтың елімізге қатысты кейбір мәлімдемеcін тақырыбымызға арқау етпекпіз.

“Біз қазақ халқына жаман үлгі көрсетіп жатырмыз”

«Олар Бакиевті жақсы көреді. Бакиевтер Қазақстанда әлі күнге дейін мереке ұйымдастырып жатыр. Мен тіпті Қазақстандағы ақ жағалылардың (шенділерден) Бакиевтер халыққа оқ жаудырып, дұрыс істеді деген сөздерін естідім. Себебі біз қазақ халқына жаман үлгі көрсетіп жатырмыз» деген Қырғыз басшы Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының көрші Қырғызстандағы демократия процесін қызғанғанын меңзесе, келесі бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сынағандай болды:

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге (Қырғызстанға -автор) жас президент келу керек деген пікірін қолдаймын. Бірақ бізде ең үлкен президенттікке үміткер Назарбаевтан 20 жасқа кіші. Ал мен – 16 жасқа. Жас президент кімге керек? Бізге ме әлде Қазақстанға ма? Қазақтар – біздің бауырларымыз, біз тарихты білеміз. Қазақтар – 500 жыл бұрын сұлтан қылып «чингизиды» (Шыңғыс хан тұқымы) тұқымын қойған, және қазіргі таңда да оларды қазақтар емес «чингизидтер» басқарып келе жатқандай»

Терең ойға құрық салған түрлі күрделі мәселелер төңірегінде сөз қозғаған Атамбаев:

«Нұрсұлтан Назарбаев Алматының ЖІӨ Қырғызстанның ЖІӨ-нен 5 есе артық, Қазақстанның ЖІӨ Қырғызстан экономикасынан 20 есе көп екенін жөн айтты. Қазақстанның орташа жалпы өнімдегі табысы Қырғызстаннан 10 есе көп. Онда неліктен Қазақстандағы зейнетақы 10 есеге емес, тек оның жартысын құрайды, ал тарифтер 5 есе жоғары? Өйткені Қазақстан үкіметі тонайды. Біз жаман үлгі көрсетіп жатырмыз, Атамбаев жаман үлгі», – деді. Бұл сөзіне Бақиев жайлы мәлімдемесіне қоса қарасақ, қырғыз басшы өзі билік құрған президенттік мерзімді мақтан тұтатынын астарлап жеткізді.

Алдағы сайлауға түспейтін демократияшыл Атамбаев ұлтшыл электорат алдында билік баптаған үміткер Сооронбай Жеенбековтың кандидатурасын нығайту үшін жасап жатыр ма? – деген заңды сұрақ туындайды. Не де болса, таяуда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда президентігіне үміткер, оппозиция өкілі Өмірбек Бабановпен өткізген кездесуіне ресми Бішкектің берген реакциясы мен бүгін Атамбаевтың тістене сөйлеуінің астарында үлкен саяси мән жатқанға ұқсайды. Әйтпесе осыдан екі-ақ жыл бұрын, Қырғызстан Еуразия Экономикалық Одағына қабылданған кезде Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа мадақ сөздерін жаудырған болатын. Болған келеңсіз жайтқа Қазақстан Сыртқы істер министрлігі лайықты жауабын берді. Біздің тілеріміз – біреу ғана: айыр қалпақты бауырлас қырғыз елінің келесі басшысы кім болса да, Атамбаевтың қателігін қайталамай, араларын Алатау ғана бөліп тұрған екі халықтың бірлігіне селкеу түсірмесе дейміз. Саясаткерлер келер, кетер, ал біз осында қаламыз..

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз