1 қыркүйек – Білім күні

0
84

Бүгін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады.

“Құрметті әріптестер! Қадірлі ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Сіздерді бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Білімнің жаңа көкжиегін игеруге, тың ізденістер мен жаһандық мақсаттарға ұмтылған үш миллионнан астам жас өреннің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Биыл 130 мыңнан астам оқушы су жаңа мектептерде оқуды бастайды. Ауылдық жерлердегі білім деңгейін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 1 мың ауыл мектебі қайта жаңғыртылып, пәндік кабинеттер ашылады, кітапханалар мен асханалары, жиһаздары жаңартылады. Алғаш рет ауыл мектептері арасында республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Мұның бәрі отандық білім сапасын арттыру, балалар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынуда. Айналайын, балдырғандар, бірінші сынып оқушылары! Бүгін – сіздердің өміріңіздегі ең қызықты әрі маңызды күн. Алғашқы қоңыраудың сылдырымен таңғажайып білім әлеміне саяхатты бастайсыздар. Биыл 366 мың бүлдіршін мектеп табылдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады. Ал, 11 сыныптағы 188 мың оқушы үшін бұл алтын ұяның қабырғасындағы соңғы жыл. Бүгінгі күннің ата-аналар үшін де маңызы ерекше. Перзентін мектепке дайындап, қобалжитын сәт. Әркім өзінің оқушы болған кездерін сағынышпен еске алатын күн”, деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет колледж студенті атанған 190 мың жас үшін бұл – үлкен өмірге алғашқы қадам жасайтын шешуші күн.

Мұғалімдер үшін бұл күн сүйікті жұмысына оралатын, шәкірттерімен қауышатын күн.

Осы айдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы 100 мыңға жуық педагогтің жалақысы 30%, ал колледж студенттерінің стипендиясы 50% өседі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз