Қысқы конкурс қорытындысы бойынша магистратураға білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланып, нәтижесінде мемлекеттік гранттарды 945 қазақстандық жеңіп алды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Оның ішінде ғылыми-педагогикалық магистратураға 837 адам, бейіндік магистратураға 108 адам оқуға түсті.
Биыл білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға гранттар беру үшін конкурсты екі рет дәстүрлі түрде жазда және алғаш рет қосымша қыста ұйымдастырды. Осылайша, түрлі себептерге байланысты магистратураға түсе алмаған үміткерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға екінші мүмкіндік алды.
“Мемлекеттік гранттар республикалық конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша берілді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, Қазақстан студенттер Альянсы мен «Отандастар» қорының өкілдері кірді. Отырыста комиссия барлық қатысушының нәтижелерін қарады. Конкурстық іріктеу рәсімі толығымен автоматтандырылған. Магистратурада оқу үшін білім гранттары үміткерлердің баллдарына сәйкес конкурстық негізде берілді”, – деп атап өтті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Магистратура бойынша мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі:
Барлық грант иегерлері 10 қаңтарға дейін құжаттарын университеттердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсыруы тиіс. Оқу жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес басталады.
Айта кетейік, іріктеу сапасын жақсарту үшін ақылы бөлімге магистратураға түсу үшін шекті балл көтерілді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балды құрайды.