2 желтоқсан күні Астанада ҚазГЮУ университетінде “Отандастар” қорының басшысы, Қазақстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі, дипломат Абзал Сапарбекұлы Public Lecture жобасы аясында лекция оқыды.
Лекция кіріспесін дипломатия жайында жалпы ақпарат беруден бастаған Абзал Сапарбекұлы тарихи дипломатиялық кейстерді мысалға келтірді. Алашорда кезіндегі дипломатияны сөз етті. Қазақтың алғашқы дипломаттары Нәзір Төреқұлов пен Балжан Бөлтірікова жайлы ақпараттармен бөлісті.
Дипломат шетелдегі қазақ диаспораларының ана тілін, салт-дәстүрін білу жағдайы жөнінде әңгімеледі.
“Жалпы шетелдегі қазақ диаспораларының ана тілін білу жағдайы мәз емес деуге болады. Олар расымен де қазақ тілін ұмытып бара жатыр. Ресейдегі 45-50 жастағы кісілерге қарасаңыз, қазақ тілін білмейді. Ақсақалдары біледі, бірақ олар да орысша араластырып сөйлейді. Дәл осындай жағдай көрші елдерде де қалыптасқан. Мысалы Өзбекстандағы қазақтардың 400-ге жуық мектебі бар. Олар өз ана тілін сақтау жөнінде белгілі бір жағдай қалыптастырған. Басқа мемлекеттерге қарайтын болсақ Түркия, Еуропа елдері және басқа елдерде жағдай тіпті қиын”, – деді ол.
Абзал Сапарбекұлы алдағы он жылда жырақтағы қазақтарды елге көшіріп әкелуге мүмкіндік туатын болса, бірінші кезекте ана тілін білмейтін қазақтарды елге көшіруге басымдық беретінін айтты.
Ол өзі басқаратын “Отандастар” қоры ретінде жырақта жүрген қазақтардың ана тілін жетілдіруі үшін онлайн, офлайн сабақтар ұйымдастырып жатқанын жеткізді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, бірегейлікті сақтау жолында домбыра, би, ұлттық спорттарға қатысты кітаптар таратылып, түрлі курстар қолға алынып жатқанын хабарлады.
“Дипломатияға кіріспе, қазақ-түрік қарым-қатынасы, халықаралық саясаттағы түркі интеграциясының рөлі” атты тақырыпта өткен лекцияның аяғы сұрақ-жауапқа ұласты. Журналист, университет оқытушылары, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға спикер жауап беріп, өз тәжірибесінен мысалдар келтірді.
Абзал Сапарбекұлы – 1999 жылы Түркияның Анкара қаласындағы Таяу Шығыс техникалық университетін тәмамдап, әр жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің атташесі, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің атташесі, Үшінші хатшысы, екінші хатшысы, “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Қазақстанның БҰҰ Еуропалық кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңесші, Түркі кеңесі хатшылығының директоры, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі/Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. 2022 жылдың сәуір айынан бастап “Отандастар Қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамның президенті.
Abdimanap KENGES