TEDx Astana: “Бейуақытта” қазақ тілінде қандай идеялар талқыланды?

0
100
TEDx Astana-ның биылғы тақырыбы "Бейуақыт".

4 желтоқсан күні Астанада жыл сайынғы TEDx Astana жобасы өтті. “Бейуақыт” атты тақырыпта өткен жобада жалпы 16 спикер сөйледі. Біз бұл шолуымызда биылғы TEDx Astana-да қазақ тілінде жасалған баяндамаларға тоқталатын боламыз.

“Қазақ тілі ту, елтаңба, әнұран деңгейінде болуы тиіс”

Конференцияның алғашқы спикері тіл белсендісі Мақсат Арзаман биылғы жылдың өзекті мәселелерінің біріне айналған қазақ тілінің қолданысын сөз етті. Бала кезден тілдік кедергілерге жиі ұшыраған Мақсат мұндай күрес көптеген қазақ баласының басынан өткеніне сенімді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін ол достарымен Qazaqsha Jaz қозғалысын бастаған.

Тіл белсендісі Мақсат Арзаман.

“Қозғалыстың мақсаты – әлеуметтік желідегі кәсіпкерлік парақшалардан өз тұтынушы құқымызға сай қазақша ақпарат беруін талап ету. Ерекшелігіміз – сыпайы және мәдениетті түрде, заң баптарына сәйкес талап қойып, екі тілде де ақпарат берілуі қажет екенін ескерту”, – дейді ол.

Осылайша QazaqshaJaz қозғалысы 1000-нан астам кәсіпкерден қазақ тілінде ақпарат беруді талап еткен. Нәтижесінде жүзден аса компания парақшасын қазақша жүргізе бастап, мәзірін қазақшалаған. Сонымен қатар Мақсат командасымен бірге қазақ тілін енді үйреніп жүргендерді қолдау үшін Tildes сөйлесу клубын ашқан.

“Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажет”, – дейді Мақсат.

“Дінге келгенде адам сауатты, сыни тұрғыда ойлайтын, мәселені ашық талқылай алатын деңгейде болуы қажет”

Исламды қазіргі заманға сай модернизациялау мүмкін бе? Дінтанушы Асылтай Тасболат бұл сұрақтың жауабын қазіргі ислам ойшылдарынан тапқан. TEDxAstana сахнасында Асылтай бүгінгі қазақ қоғамына модерн исламның рефлексиясы не себепті қажет екенін тарқатып, әлемдік практикаға тоқталды.

Дінтанушы Асылтай Тасболат.

“Қазір біз зымыраған XXI ғасырдамыз, ал Құран 7 ғасырда түскен. Қаншама ғасырдан бері адамның санасы, тұрмысы өзгерді. Ислам модернизмі болса, аяттардың универсал мазмұнын ашып, оларды бүгінгі заманда дұрыс түсініп, дұрыс қолдануды мақсат етеді”, – дейді дінтанушы.

Асылтайдың айтуынша, елде урбанизация процесі күшейген тұста мұндай трендтердің зерттелмеуі, пән ретінде оқытылмауы, медиада талқыланбауы және кітап түрінде басылмауы – әлемдік ақыл-ой қазынасынан жырақта қалып бара жатқанымызды білдіреді. Қазіргі таңда қоғамда дінге деген сұраныс, қажеттілік бар, оған сәйкес сұрақ та, қайшылық тудыратын ақпарат та көп. Сол себепті де Асылтай адамдардың ислам жайлы түсінігін прогрессив арнаға бұру маңызды деп санайды.

“Қазақстан қазіргі саяси жолмен жүре беретін болса, бонкрот болған компаниялардың күйін кешуі мүмкін”

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт негізгі мамандығынан бөлек медиа және стратегиялық коммуникация бойынша консультациялар жүргізеді. Коммуникация мен маркетингте жетістікті өлшеуде қолданылатын vanity metrics (көз алдау немесе өз-өзін алдау көрсеткіштері) жайлы айта келе, Шалқар Қазақстан билігінің “жамандығын жасырып, жақсылығын асыра” көрсететін компанияларға ұқсастығына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан қазіргі саяси жолмен жүре беретін болса, “табыс театрына” әуестенемін деп ақыры бонкрот болған компаниялардың күйін кешуі мүмкін.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

“Қазіргі саяси режимнің ел басқаруда көз алдау метрикаларына арқа сүйеуі бейуақыттағы Қазақстанды ұзаққа созылатын өлара кезеңде қалдыра ма деп қорқамын”, — дейді саясаттанушы.

Шалқар Нұрсейіт Қазақстан азаматтары қоғам өміріне белсене араласқан кезде саясатта көз алдау метрикалары тиімсіз манипуляция құралына айналарына сенімді. “Ал билікке мұндай көрсеткіштерден бас тартуға ерік-жігер керек”, дейді ол.

TEDx Astana ұйымдастырушылары.

TEDx деген не?

TED қоры TEDx бағдарламасына басшылық етеді. Мұндағы x тәуелсіз ұйымдастырылған TED іс-шарасы дегенді білдіреді. TEDx конференциялары TED-тің “Таратуға тұрарлық идеялар” миссиясы негізінде құрылған болатын. Конференциялар жергілікті қауымдастықтарға, ұйымдар мен жеке кәсіпкерлерге TEDx форматында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруді көздейді.

TEDx форматында ауызша баяндамалар мен видеолар (TEDxTalks) ұсынылады. Пікір алмасып, белсенді қоғамдастық құру мақсатында әр баяндама интернет желісінде таратылады.

Abdimanap KENGES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз