Осы оқу жылының қорытындысы бойынша 9 738 түлек “Алтын белгі” иегері атанды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда рекордты көрсеткіш. 2019 жылы төсбелгіні 7349 оқушы, 2020 жылы 8 615 оқушы иеленген болатын. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Биыл “Алтын белгі” иегері атанған түлектердің басым бөлігі Түркістан (1 856), Алматы (1 432) және Шығыс Қазақстан (738) облыстарынан.
“9738 үміткер қорытынды аттестаттау барысында өз білімдерін дәлелдеп, “Алтын белгі” иегері атанды. Бұл түлектердің жалпы санының 6,2% құрайды. Сонымен қатар тағы қуантарлық жәйт – “Алтын белгі” иегерлерінің көбі мұғалім мамандығын таңдап жатыр. Болашақта дәл осындай оқушыларымыз мұғалімдердің қатарын толықтырса, нұр үстіне нұр”, – деп атап өтті мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.
Биыл жалпы қазақстандық оқушылар әлемдік зияткерлік байқауларға қатысып, 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар өз білімдерін халықаралық аренада дәлелдеді. Қазақстан әлемнің 110 елінің арасында бейресми командалық есепте үздік отыздыққа кірді. 1998 жылы Қазақстан 50-ші орында болған еді.