Магистратураға тапсыратындар үшін кешенді тестілеуге тіркеу басталды

0
654
Photo: dw.com

18 маусымда магистратураға түсушілер тапсыратын кешенді тестілеуге тіркеу басталды. Тіркеу ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі.

Емтихандар 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Магистратураға түсуге арналған тестілеу 3 бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Емтихан уақыты төрт сағат.

“Тіркеу кезінде тестілеу өткізілетін орынды оқуға түсуші өзі таңдайды. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынағынан өтуге болады”, – деді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер емтихан аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

“Шет тілін меңгерудің жалпы халықаралық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын бір халықаралық сертификаты бар магистратураға түсуші шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады”, – деп атап өтті  А.Тойбаев.

Айта кеткен жөн, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға түсу үшін  шекті 75 балл өзгеріссіз қалды. Ал ақылы бөлімге түсу үшін 50 балл жинау қажет.

Еске сала кетейік, бакалавриат бойынша гранттардың жалпы саны – 56 561, магистратура – 13 263, докторантураға 1890 грант бөлінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз