20 желтоқсанда SDU университетіне әлемдік InDrive жүйесінің негізін қалаушы Арсен Томский қонаққа келді.
Мәртебелі мейманды университет ректоры Әлімжан Игенбаев күтіп алып, білім ордасының көрнекті жерлерімен таныстырды.
Арсен Томский студенттермен кездесу өткізіп, өзінің кәсіпкер ретінде жүріп өткен жолы жайлы баяндап берді. Көпшілікке inDriver атауымен белгілі болған тасымалдау қызметі 2022 жылы ребрендинг жасап, InDrive атауына көшкен. Бүгінгі таңда 48 елде қолданысқа енген аталмыш қосымшаны ұялы байланысқа орнату саны 150 миллионнан асқан.
Кездесу барысында кәсіпкер студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Кездесуге жиналған жастар кәсіпкер болып қалыптасудың құпияларын біліп, құрметті қонақтан құнды кеңес алды. Жиын соңында Арсен Томский жалынды жастармен естелік суретке түсіп, университетімізбен танысу барысында ерекше әсер алғанын жасырмады.
Арсен Томский кім?
Арсен Томский – Якутиядан келген сериялық технология кәсіпкері. Оның ең сәтті жобасы – халықаралық нарықта әлемнің ең ірі IT-гиганттарымен тиімді бәсекелесетін inDrive қызметі. Бұл қызмет әлемнің қырықтан астам елінде жүздеген қалаларды қамтыды. 2021 жылдың басында inDrive «бір мүйізді» компания мәртебесін алып, құны 1 миллиард доллардан асты. Компанияның Қазақстанда екі кеңсесі бар – Алматы мен Астанада, сонымен қатар компания Astana Hub резиденті.
Айта кетейік, бұған дейін inDrive такси қызметінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский Қазақстан азаматы атанғанын хабарлаған еді.