ҚазҰУ-ға жаңа ректор тағайындалды

0
401
ҚазҰУ-дың жаңа ректоры Жансейіт Түймебаев.

10 ақпан күні Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұжымына жаңа ректор Жансейіт Түймебаевты таныстырды.

Осы күні түсте қарай президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жансейіт Түймебаевты Ассамблеясы төрағасының орынбасары, президент әкімшілігінің ассамблеядағы хатшылығының меңгерушісі лауазымынан босатқан болатын.

5 ақпан күні “әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті” коммерциялық емес акционерлік қоғамының директорлар кеңесі басқарма төрағасы ректор лауазымына үміткер болған кандидатураларды қарастырды. Конкурсқа қатысқан бірнеше үміткердің ішінен Жанар Амангелдіқызы Темірбекова мен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың кандидатурасы республикалық комиссияның қарауына ұсынылған.

Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық өткен республикалық комиссия ҚазҰУ ректоры лауазымына Жансейіт Түймебаевты таңдаған.

Дәл сол күні Еуразия ұлттық университетіне Ерлан Батташұлы Сыдықов қайта таңдалған.

63 жастағы Жансейіт Түймебаев бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі және Түркиядағы елшісі, білім және ғылым министрі, Түркістан облысының әкімі лауазымдарында болған.

Ұлттық университетті 11 жыл бойы үздіксіз басқарған Ғалымқайыр Мұтановтың қандай қызметке тағайындалғаны әзірге белгісіз.

Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жердің жеке меншікке өтіп кеткені жайлы талқы күшейген. Жер бойынша заңгер Бақытжан Базарбек университет аумағы шамамен 800 шаршы метр жерге кішірейгенін жазады. Бірақ университет бұған қатысымыз жоқ деп, әкімдікке сілтеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз