3 мамыр күні Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналист Төлен Тілеубайдың “Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі” атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Журналистика бойынша оқу құралы 1000 данамен басылып шыққан. Кітап журналистика және PR мамандығында оқитын студент, магистрант және докторанттарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне, медиа коммуникацияға қызығатын көпшілікке арналған.
“Бас редакторлар клубы” қоғамдық бірлестігі және “ELORDA AQPARAT” ЖШС-ның қолдауымен ұйымдастырған жиынға парламент депутаттары, отандық БАҚ басшылары, университет оқытушылары мен студенттері және оқырмандар қатысты.
“Төлен Тілеубайдың “Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі” деген кітабы – зерделі еңбек. БАҚ саласы қызметкерлері мен журналистика факультеттерінің студенттері үшін де керек кітап. Шын мәнінде біз жолайрықта тұрмыз: қазақ газеттері бола ма, жоқ бордай тоза ма? Жауабын білгіңіз келсе Төлен Тілеубайды оқыңыз. Болашаққа болжам жасау қиын, әрине. Алайда Төлен бүгінгі және алдағы 20-30 жыл көлемінде Қазақстан газеттерінің болашағына болжам жасайды. Еңбекте әлемдік медиасфера мысалдары сәтті сарапталған. Автор оқулық құралын өзекті мәселеге арнайы отырып, дүниежүзіндегі БАҚ проблемаларын жіліктеп талдайды. Бүгінгі күн биігінен келешекке көз жүгіртеді. Қазақ тілінде мұндай оқулық аз. Сол олқылықтың орнын толтыруға деген талпынысы орайлы шыққан”, – дейді сенат депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп.
Журналист-жазушы Жадыра Шамұратова бұл еңбекті отандық баспасөздің проблемаларын сергек санамен зерделген, келешегіне көз салған, даму үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс деген сұраққа жауап іздеген еңбек екенін айтады.
«Автор бүгінгі БАҚ-қа цифрлық технологияның әсерін талдай отырып, баспа БАҚ-тың өз форматын, мазмұнын өзгерту керектігін айтады. Оның пайымдауынша, әлеуметтік желілер басымдық алды, жұртшылық баспасөз оқығаннан бүкіл жаңалықты инстаграмнан білгенді жөн көретін болды. Бірақ, ешқандай жауапкершілік алмайтын әлеуметтік медианың жеке адамды депрессия мен ішкі үрейге әкелетінін көріп те отырмыз”, – дейді журналист.