Қазақстандағы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды оқытуда сұранысқа ие. Олар баланың мектепке тез үйренуіне көмектеседі. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Биылғы оқу жылынан бастап барлық өңірде 700-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кіріскен. Бұл мамандық, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мектепке тез бейімделуі үшін енгізілген.
“Педагог-ассистенттердің алдында педагогика мен психология тоғысында ерекше мақсат-міндеттер қойылған. Атап айтсақ, балаларды бағыттау, олардың оқу процесіне бейімделулеріне көмектесу. Әңгіме ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы болғандықтан, педагог-ассистент техникалық қолдау да көрсете алады. Мәселен, егер бала өз бетінше қозғала алмаса немесе егер балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау қажет”, — деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Бұдан басқа, педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламалары білім алушылардың қажеттіліктеріне бейімделеді. Олар өткен материалды игеруге ғана емес, сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар баланың дағдыларын дамыту динамикасын бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.
Қазіргі таңда педагог-ассистенттерді басқа да білім беру ұйымдарына қосу, сондай-ақ олардың жұмыс жүктемесін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.