Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқартылатынын хабарлады.
Министр өзінің facebook парақшасында ведомоство тексеріс жүргізген 13 университеттің нәтижесін жариялады. Оның сөзінше, 5 ЖОО-да ескерту жойылмағандықтан, олардың лицензиясы бір айға тоқтатылған. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілген.
Сонымен қатар, министр педагогтарды даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындалып жатқандығын айтты. Жалпы Қазақстанда олардың саны – 85.
“Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ”, – деп жазды министр.
Аймағамбетовтың айтуынша, нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қайта қабылдай беруге болмайды. Өйткені кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін айтты.
“Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпартақа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университеттке ауысып алатын тенденция да бар.20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО да бар” ,-деді министр.