21 желтоқсан күні Астанада «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Жиынға «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қорының президенті Дархан Өте, NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин және осы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

“Бүгінгі ынтымақтастық негізінде еліміздегі беделді білім беру ұйымдары бірлескен жобалар мен идеяларды жемісті жүзеге асыратынына кәміл сенемін. Назарбаев Зияткерлік мектептері Қазақстанның білім беру жүйесінде ойып алар орны бар, беделді ұйым. Осы меморандумның арқасында жылдар бойы жинақталған тәжірибемен бөлісіп, бірлесе жұмыс атқаратын боламыз”, – деді БИЛ президенті Дархан Өте. 

Бұдан бөлек меморандумда оқу орындарындағы педагогикалық құрамның кәсіби біліктілігі мен оқушылардың білімі және әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу,  бірлескен жобалар мен идеяларды іске асырып, республикадағы жалпы білім беретін мектептерге табысты тәжірибе тарату, ақпарат бөлісу, сондай-ақ іскерлік кездесулер, семинарлар, конференциялар мен форумдар өткізу барысында өзара қолдау көрсету көзделген.

“Бүгінгі меморандум – екі табысты ұйым арасындағы байланысты нығайтудың бірегей мүмкіндігі. Биыл «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлеріне 30 жыл, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ұлттық және халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Алда күш біріктіріп, тәжірибе алмасу арқылы одан да жоғары нәтижеге жететінімізге сенімдімін”, – деп атап өтті Әнуар Қанатұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз