Математикадан Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Биыл Ларнака қаласында(Кипр) офлайн форматта өткен олимпиадаға 16 елден 100-ге жуық оқушы қатысты. Олардың қатарында Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Македония, Греция, Молдова Республикасы, Черногория Республикасы, Румыния, Сербия және т.б. бар.
Сайысқа жылда 6 адамнан құралған Қазақстан құрамасы қатысады. Биыл ел намысын Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Атырау және Ақтау қалаларының оқушылары қорғаған. Олардың ішінде 4-еуі “Білім-Инновация” және “Білім Орда” қоғамдық қорларына қарасты мектеп оқушылары, қалған екеуі Алматы қаласының оқушылары.
Дәлірек айтар болсақ, Атырау “Білім-Инновация” лицейінің оқушысы Зауытхан Әділет (күміс медаль), Spectrum халықаралық мектебінің оқушысы Сам Фетуллах (қола медаль), Ақтау “Білім-Инновация” лицейінің оқушысы Әбу Әділет (қола медаль), Қостанай “Білім-Инновация” лицейінің оқушысы Даутов Жан (қола медаль) және алматылық Юркевич Мирон (күміс медаль) мен Байшуақ Райымбек (қола медаль).
Білім министрлігі Балқан олимпиадасының оқушыларға негізгі халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындалудың тиімді әдісі ретінде көмектесетінін атап өтті.
Былтыр осы сайыста қазақстандық оқушылар 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған.