“Білім-инновация” жас көшбасшыларының құрылтайы басталды

5
218

11 қазан күні «Білім-инновация» және «Білім Орда» Халықаралық қоғамдық қорларына қарасты өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері арасында «ЖАС КӨШБАСШЫ-2018» құрылтайы басталды. 

“Бұл құрылтай осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жиынға қатысушылар әр мектептің өзін-өзі басқару ұйымының басшылары. Құрылтайдың негізгі мақсатының бірі оқушылардың өзара пікір алмасуы, әр мектептегі әсерді бір ортаға жинап талқылау, идея алмасу және бірігіп жаңа жобаларды ұсыну”, – дейді ұйымдастырушы Дастан Тахауиұлы.

Жас көшбасшылардың пікірін білу мақсатында Өскемен қаласындағы Нұрорда мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы әрі президенті Жансерік Азизұлына сөз ұсындық.

Азизұлы Жансерік, Өскемен Нұрорда мектеп-лицейінің президенті, 9 сынып оқушысы.

“Семинар қатты ұнады. Көптеген қызықты ойдың , ақпараттың куәсі болдым. Бүгінгі жиынға дейін көшбасшылық туралы пікірім мүлде басқа болатын. Семинардың арқасында басқаруды дұрыс қолданудың қыр-сырын меңгердім. Жаңа дағдылар пайда болды. Бұл тәжірибенің алдағы жоспарларға көмегі тиетініне кәміл сенімдімін”, – деді Жансерік.

Бекболат Жұмабеков, Дарында ұл балаларға арналған Тараз БИЛ президенті, 11 сынып оқушысы.

Ал, келешекте Қазақстанның ең жас министр болғысы келетін Дарынды ұл балаларға арналған Тараз БИЛ президенті Бекболат Жұмабековтың арманы асқақ. Өз ойын ол да ортаға салды.

“Бүгінгі спикерлер мен менторлардың ойлары мотивация беріп жатыр. Мектептегі іс-шараларды қалай атқару керек? Қалай жеке команда жасақтау қажет? Оның қалай басқарған дұрыс? – деген бірқатар сұрақтарға мардымды жауап алдым. Көшбасшылық қабілетті шыңдауға айтарлықтай үлесін қосты. Болашақта мектепте ғана емес, Қазақстанда үлкен реформалар жүргізетін ең жас министр әрі президент атанғым келеді”, – деді ол. 

“Көкейдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда дәмі кетеді”, – дейді дана Абай. Көшбасшы ойды қалай анық жеткізуі керек? Сөзді жетесіне жеткізе айтудың сыры жөнінде жас президенттерге журналист, Гарвард университетінің (АҚШ) түлегі Шыңғыс Мұқан дәріс оқыды. Аудиториямен тығыз байланыста отыруды мақсат еткен Шыңғыс мырзаны да әңгімеге тарттық.

Шыңғыс Мұқан ойды әсерлі жеткізу бойынша дәріс оқыды

Білімпаздардың болашаққа деген сенімі мол. БИЛ түлектерінің Қазақстан үшін және әр облыс, аудан, ауылдары үшін бір жақсылық жасағысы келетінін үнемі байқап жүремін.  Бүгінгі тақырып айтылған ойдың адам жадында ұзағырақ сақталуы жөнінде болды. Демек, бұл жиын қоғаммен байланыс, шешендік өнер, “speech writing” секілді дүниелердің барлығын қамтыды. Алайда бұлар біздің қоғамда, мектептерде аз қолданылады. Себебі, оқушылар тіпті, мұғалімдер де өз ойларын тыңдарманның жадында қалатындай етіп жасақтай алмайды. Ал мектеп көшбасшыларына бұл қажет. Өйткені президент номиналды қызмет деп ойламаймын. Меніңше бұл жастар мектеп оқушыларымен аптасына бір рет кездесіп, сөйлесіп, түйткілді мәселелерге араласып отыратыныма сенімім мол. Басқа оқушылармен сөйлескенде ойды қалай жеткізу керек? Байқауымша, бұл сұрақтың жауабын бүгінгі оқушыларға жеткізе алдым. Ой айтудың және жеткізе сөйлеудің қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын.

Жас көшбасшылар екі күн бойы өткен тренингтердің негізінде жаңа жоба ұсынып, қорғайды. Бүгін көшбасшылық қабілеттер, цифрлық сауаттылық, ойды нақты жеткізу бойынша түрлі дәрістер өтті. Олар танымдық мақсатта 12 қазан күні Қазақстан Республикасының Сенат және Мәжіліс палаталарының ғимаратын аралайды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік сарайында өтетін шетелдік жоғарғы оқу орындарының көрмесіне қатысады.

 

Әбдіманап КЕҢЕС,

суреттер автордікі

5 ПІКІРЛЕР

  1. Болашақ ел басшыларыңа сәттілік пен табыс тілеймін.
    Олар үшін үлкен тәжірибе және абырой.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз