«Білім-инновация» лицейлері оқушылары министр Сағадиевтың қабылдауында

0
142

20-21 қараша күндері «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» (бұрынғы «KATEV») Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Білім-инновация» лицейлерінің (БИЛ, бұрынғы қазақ-түрік лицейлері) өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері арасында «Жаңа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «ЖАС КӨШБАСШЫ-2017» құрылтайы өткізілді. Құрылтай барысында лицей оқушылары Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қабылдауында болды.

«Туған жер» патриоттық бағыты аясында ұйымдастырылған аталмыш шараға қатысу үшін елордамыз Астанаға еліміздің әр аймағынан «Білім-инновация» лицейлерінің 36 мектеп президенті (өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшісі) келді.

Қатысушылар шараның бірінші күнінде «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте және қор президентінің кеңесшісі Нұрбол Төлебаевпен кездесті. Қордың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, басшылық оқушыларға «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен «ұлттық код», «білімнің салтанат құруы», «ұлттық бірегейлікті сақтау»және «бәсекеге қабілеттілік» сияқты мәселелердің маңыздылығын түсіндірді.

Еліміздің ең үздік жоғарғы оқу орны Назарбаев Университетіне (NU) танымдық саяхат жасаған жас көшбасшылар NU-дың ашылу тарихы мен азғантай ғана уақыт ішінде жеткен жетістіктерімен танысты.

Оқушыларды қарсы алған университеттің студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қадиша Даирова оқу орнының көшін бастап тұрған білімді студенттерідің басым көпшілігінің БИЛ (ҚТЛ) оқушылары екенін атап өтті.

Басшы мектеп президенттерімен өткізген кездесуінде жүйелі еңбегі арқасында білімді әрі тәрбиелі жастардың түлеп ұшуына себепкер болған БИЛ ұстаздарына ризашылығы мен алғысын білдірді.

Артынша «Қазмедиа» орталығында қонақта болған мектеп президенттері «Хабар» агенттігі және «Қазақстан» Ұлттық арнасының студияларын аралады. Білікті басшы Ринат Кертаев пен танымал жүргізуші Мейіржан Әлібекұлы алғыр оқушыларды тележурналистиканың қыр-сырымен таныстырды.

Жас көшбасшылар құрылтайдың бірінші күнін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімовамен өткен кездесумен қорытындылады.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Әйтімова кездесуде өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, білімді жастарға ақыл-кеңесін айтты әрі ізгі тілектерін жеткізді.

Оқушылар кездесудің соңында Сенат депутатына арнайы сыйлықтарын тарту етіп, алғыстарын білдірді.

Кездесу соңында оқушылар Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары, Сенат пен Мәжіліс, ғимараттарын аралап, заң шығарушы органның жұмыстарымен танысты.

«ЖАС КӨШБАСШЫ-2017» құрылтайының екінші күні ҚР Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусинмен кездесу ұйымдастырылды.

Өзі де ҚТЛ-де білім алған шенеунік өмірлік көзқарасының қалыптасуына әсер еткен 3 оқиғасын әңгімелей отырып, баға үшін оқу мен арнайы мақсатқа жету үшін білім алудың ара жігін ажыратудың мән-маңызын түсіндірді.

Сондай-ақ, жаһандану кезеңінде қоғамның инновациялық даму қарқыны мен оның өзектілігін атап өткен Мусин оқушыларға теориялық білімді практикада іске асыруға және бүгіннен бастап инновациялық жобалармен айналысуға кеңес берді.

Құрылтай аясында жас көшбасшылар ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қабылдауында болды. Мектеп-президенттеріне «Рухани жаңғыру» тақырыбында лекция оқыған білім министрі мектептегі білім беру жүйесі туралы оқушылардың жеке пікірлері мен ұсыныстарымен танысты.

Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында екенін атап өткен ведомство басшысы лицей оқушыларына үлкен сенім артатынын білдірді.

Кездесу соңында «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының басшыларына (мектеп ұланбасыларына) сыйлық тарту етілді.

Сондай-ақ, «ЖАС КӨШБАСШЫ-2017» құрылтайы аясында ҚР Тұңғыш Президентінің Музейіне танымдық саяхат жасап, Елбасының өнегелі өмірі мен мемлекеттік және қоғамдық қызметіне қатысты материалдармен танысқан мектеп президенттері ағаш отырғызды.

Соған қоса саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне саяхат жасап, 30-40 жылдарда жапа шегіп, қаза тапқан Сталин режимінің құрбандарын еске алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз