Химиядан 56-шы халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Зияткерлік сайыс 9-16 мамыр аралығында Ташкентте (Өзбекстан) офлайн форматта өтті. Бұл туралы ortcom.kz сайты хабарлады.
Қазақстан құрамасы атынан Қарағанды, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар және Ақтөбе облыстарынан 10 және 11 сыныптардың 12 оқушысы қатысты.
Жарысқа ТМД, Балтық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінен, дәлірек айтсақ 15-тен астам елден 100-ге жуық оқушы қатысқан.
“Өзбекстанда өткен Менделеев олимпиадасының жүлдегерлері қабылдау емтихандарын тапсырмай-ақ Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады. Ташкентке 2022 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері барды. Сондай-ақ олар бірнеше рет оқу-жаттығу жиындарында ең жоғары нәтиже көрсеткен олимпиадалық резервтің мүшелері”, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.